Перизат пешкі ғана. Негізгі фигуранттар тасады қалды - қоғам белсендісі

28



Қайырымдылық қорына жиналған миллиардтарға тағы кімдер ортақтасты? Атышулы Перизат Қайраттың соты осы сауалдың басын ашық қалдырды деп жазады Ertenmedia.

Елорда соты Перизатты 10 жылға, анасын 7 жылға бас бостандығынан айырды. Қызы мен анасының тандемі жұрттан жиналған садақаны элиталы ЖК, қымбат көлік және басқа да сән-салтанатқа жаратып жіберген.

Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл оқиғаның түбінде тереңірек астар жатыр дейді. Оның пікірінше, үш жыл ішінде 3,5 миллиард теңге жинаған қордың әрекеті ешқандай логикаға сыймайды.

«Үш жылда 3,5 миллиард теңге жинау қиял ғажайыппен пара-пар жағдай. Ел ішіне аса танымал емес, желөкпе, жаңадан пайда болған еріктілердің әкімшілік ресурстың қолдауынсыз мұндай көлемде қаржы жинауы мүлде мүмкін емес.

Менің анық көз жеткізгенім қордың артында Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясы тұрды. Аймақтарда партияның отырыстарында қорды қолдау қажеттігі ашық айтылғанын сот кезінде де естідік.



Осындай үндеулерден кейін кәсіпкерлер мұны міндет деп қабылдағаны сөзсіз», – деген екен Саин Informburo-ға берген сұхбатында.

Сөзінше, қор пандемия кезінде кең танылған «Biz Birgemiz» ұранын қолданған соң, халық оны билікпен байланысты деп ойлап, шүбәсіз сенген.

Қоғам белсендісі 9 сыныптық білімі бар Перизаттың жалғыз өзі осыншама күрделі операцияны ұйымдастыруы екіталай дейді.

Оның пайымдауынша, бұл жерде одан әлдеқайда ықпалды адамдардың көлеңкесі көрінеді.

«Жас қыздың анасымен бірге істі болып отырғанына қарап, бұлардың артында өзге де қолдаушылар бар деп білемін.

Егер Перизат осы жүйенің қалай жұмыс істегенін, ақша қайда, кімге кеткенін, кіммен қалай бөліскенін ашық айтса, тергеудің ары қарай жылжуына мүмкіндік туар еді.



Бұдан пайда көрген негізгі бенефицарларды анықтауға болады. Мені алаңдататыны нақты ұйымдастырушылардың тасада қалып қоюы», – дейді Аружан Саин.