Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/ Ел соты Қашқадария облысының тумасы, әлеуметтік желілерде «Шерхон» лақап атымен танылған Амон Юсуповты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті қорлағаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2023 жылғы ақпанда Юсупов Қазақстан аумағында жүрген кезінде TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, мемлекет басшысы мен ел басшылығына қатысты қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Аталған бейнежазба әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қоғамда кең резонанс тудырған.
Оқиғадан кейін блогер Қазақстаннан Түркияға, кейін Әзербайжанға кеткен. Ағымдағы жылдың сәуір айында ол Әзербайжанда қауіпсіздік қызметінің өкілдері тарапынан ұсталған.
Сот процесі барысында Амон Юсупов өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрағанын және жасаған әрекетіне өкінетінін мәлімдеген. Сот оның әрекетін Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 3-бөлігі («Өзбекстан Республикасы президентінің беделіне қол сұғу») бойынша саралап, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.
Сондай-ақ ақпарат көздерінің мәліметінше, Юсупов бұған дейін де құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған, алайда ол кезде оған неғұрлым жеңіл жаза шаралары қолданылған.