Грузия Қазақстанға ірі көлемде салық төлеуден жалтарған кәсіпкерді экстрадициялады.

11

Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/  Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Ведомстволардың мәліметінше, Қазақстан азаматы 2023–2024 жылдары Алматы қаласында коммерциялық компанияны басқара отырып, нақты жұмыстар орындалмай жасалған жалған шот-фактуралар схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде мемлекетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салық төленбей, ірі материалдық залал келтірілген.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті шетелге бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылғы қыркүйекте Грузия аумағында ұсталып, кейін Қазақстан тарапына экстрадицияланған.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қаупі төніп тұр.

Айта кетейік, осы қылмыстық іс бойынша оның сыбайласы 2025 жылғы сәуір айында сот үкімімен нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған.