Munarmedia.kz.03.11.2025 /Астана/-Мұхтар Шаханов атындағы қор» Қоғамдық Қоры ресми түрде тіркелді. Оның төрағасы болып «Байтақ» партиясының жауапты хатшысы Берік Ағыбаев сайланды.
Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен мәдениеті ғана емес, қоғам өмірінде де өзіндік із қалдырған тұлға. 1942 жылы Алматы облысында дүниеге келген ақын өзінің шығармашылығы мен қоғамдық қызметі арқылы қазақ халқының рухани өмірінде маңызды рөл атқарды.
Шахановтың поэзиясы жастар мен қоғамға арналған ой-пікірге толы, өмір шындығын терең сезінуге шақыратын шығармалармен ерекшеленеді. Ол әдебиет арқылы ғана емес, ұлттық сана мен рухты оятуға, әділдік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеуге де ат салысты. Ақын жастарды жағымпаздықтан аулақ болуға, асқақ мінезді болуға үндеді.
Өзінің қоғамдық қызметінде Мұхтар Шаханов «Желтоқсан‑1986» Көтерілісінің құрбандарын еске алуға және олардың өшпес рухын халқына жеткізуге үлес қосты. Бұл оның тек ақын ретінде ғана емес, ұлттық рухты сақтаушы және қоғамның санасын оятушы тұлға ретінде танылуына мүмкіндік берді.
Мемлекет те оның еңбегін жоғары бағалады: 2022 жылы Мұхтар Шаханов «Отан» Орденімен және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. Оның шығармашылығы мен қоғамдық бастамалары ұлттық руханият пен шындыққа адал қызмет ету үлгісі болып табылады.
Қазір Мұхтар Шаханов сексеннен асқан шағында өз атына ашылған Қоғамдық Қордың ресми тіркелгеніне куә болды. Бұл – кез келген адамға бұйыра бермейтін құрмет. Болашақта Қор ақынның мұрасын Шындық пен Әділдік мектебіне айналдыруға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.
Қорды басқаруды мойнына алған жас саясаткер Берік Ағыбаевқа бұл үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз оның осы міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдіреміз.