Munarmedia.kz 09.12.2025 / Астана Ашхабадта өткен Орталық Азияның Су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық комиссияның 91-ші отырысында 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы қазанға дейінгі кезеңге Амудария мен Сырдария өзендерінің су ресурстарын пайдалану тәртібі келісілді.
Амудария бойынша жалпы су алу лимиті 55,4 млрд текше метр болып белгіленді. Оның ішінде Өзбекстан мен Түрікменстанға тең мөлшерде — 22 млрд текше метрден, ал Тәжікстанға 9,8 млрд текше метр көлемінде үлес тиеді. Сонымен бірге төменгі ағыс, Арал теңізі және Арал маңы аймағының санитарлық-экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған қосымша су көлемдері қарастырылған.
Сырдария бойынша вегетациялық кезеңге арналған жалпы су алу лимиті 4,219 млрд текше метр деп бекітілді. Оның ең үлкен бөлігі — 3,347 млрд текше метр — Өзбекстанға беріледі. Қалған су көлемі Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан арасында бөлінді.
Комиссия Нүрек және Түйемойын сияқты негізгі су қоймаларының жұмыс режимдерін де мақұлдады. Сырдария бассейніндегі су қоймаларындағы жиынтық су қоры қыс маусымы басында 14,9 млрд текше метр шамасында болады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш орташа жылдық деңгейге жуық.
Келесі отырыс Душанбе қаласында өтеді.