Баяжума Асылбек. Депутаттардың ұзақ отыруы қоғамның өзгеруіне әсер ете ме?

29

Қазақстан қоғамында жиі талқыланатын сұрақтардың бірі — Парламент депутаттарының ұзақ уақыт бойы орнын босатпау феномені. Бұл құбылыстың тамыры тереңде жатыр: бір жағынан — саяси тұрақтылық, екінші жағынан — саяси жаңарудың баяулығына әкеледі.Бір жағынан өз сөзін сөйлеп қолдап отыратын "сақалды" депутаттардың болғаны тиімді. 

Бүгінде Парламент Мәжілісінде 98 депутат, ал Сенатта 50 депутат бар. Мәжіліс депутаттарының 69-ы партиялық тізіммен, 29-ы бірмандаттық округтерден сайланады. Ал Сенаттың 40 мүшесін өңірлер сайласа, 10-ын Президент тағайындайды.

Бұлайша Парламенттің құрылымы елдің саяси жүйесіне сай тұрақтылыққа бағытталған. Алайда бірқатар депутаттардың үш-төрт шақырылым қатарынан орындарында отыруы қоғамда «жаңару қайда?» деген заңды сауал тудырады.

Бір жағынан қарағанда, тәжірибелі депутаттар заң шығару ісін, парламенттік рәсімдерді жақсы біледі. Олар үкіметпен үйлесімді жұмыс істейді, күрделі мәселелерді шешуде біліктілігін көрсетеді. 

Бұл — жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін фактор. Алайда ұзақ отырған депутаттардың жаңашылдық әкелуі сирек. Олар жүйенің ішкі мәдениетіне толық бейімделіп, оны өзгертуден гөрі сақтауға тырысады. 

Ал жастар мен жаңа буын саясаткерлер үшін орын азаяды.  Сөйтіп, саяси орта жабық элитаға айналып, қоғам мен билік арасындағы байланыс әлсірейді.

Әлемдік саясатта мұндай құбылыс әртүрлі деңгейде байқалады.

АҚШ-та кей сенаторлар 30 жылға дейін қызмет етеді, бірақ сайлаушылардың белсенділігі олардың орнында ұзақ отыруына шектеу қояды.

Ұлыбритания мен Францияда заң жүзінде шектеу жоқ, алайда партияішілік бәсекелестік депутаттарды жиі алмастырады. Жапония мен Кореяда кей саясаткерлер 20 жыл бойы парламентте отыра алады, бірақ қоғам тарапынан жаңару талабы үнемі күшейіп отырады. Яғни, мәселе заңдағы шектеуде емес — саяси мәдениет пен сайлаушылардың белсенділігінде. Көп жыл отырған депутат жаңалық әкеле ме? Жоқ. Өйткені жүйенің ішінде ұзақ жүрген адам оның ережесін бұзудан гөрі сақтауға бейім болады. 

Ол тәуекелге бармайды, батыл идеялардан қашады. Бірақ бұл ереже абсолют емес.  Кейбір тәжірибелі депутаттар өз беделін пайдаланып жеке мәселелерін шешуге бейім болады.

🟩 Парламент кәсіби болуы үшін кімдер отыруы керек?


Бүгінгі Мәжіліс пен Сенаттың  құрамына қарасаңыз, көпшілігі — бұрынғы әкімдер, заңгерлер мен шенеуніктер. Ал ғалым, дәрігер, мұғалім, инженер, эколог, энергетика, атом мен ғылым, саяси сарапшылар, жер саласы сияқты мамандарының үлесі аз. Қазіргі Парламентте ақындар мен әкімдер, журналистер мен спортшылар басым.  Бұл — тәжірибе тұрғысынан пайдалы болғанымен, жаңа идея мен ғылыми көзқарастың тапшылығын тудырады.  Заң өмірге жақын болу үшін оны тек саясаткерлерден басқа сала мамандары да дайындауы керек.

🌍 АҚШ Конгресінде дәрігер, фермер, мұғалім, бизнес өкілдері бар;

Германияда инженерлер мен ғалымдар басым;

Скандинавия елдерінде әлеуметтік сала мамандары жиі сайланады.

Осы себепті олардың заңдары өмірге жақын, нақты шешімге бағытталған.

 Ал бізде Парламент кәсібиленуі үшін:

1. Партиялық тізімдер ашық әрі көпсалалы болуы керек;

2. Ғылым мен білім өкілдеріне жол ашылуы тиіс;

3. Жастар мен әйел саясаткерлердің үлесі артуы қажет;

4. Әр заң жобасы ғылыми және әлеуметтік сараптамадан өтуі шарт.

Кәсіби Парламент — бұл билік емес, білім мен жауапкершіліктің одағы.

Саяси жаңару — қоғамның денсаулығының көрсеткіші.Парламенттегі ұзақ мерзімділік тәжірибемен қатар инерцияны да тудырады. Егер саяси жүйе тұрақтылықты ғана көздеп, жаңаруды ескермесе, онда билік пен халықтың арасы алыстай береді. Нағыз демократия — жаңарудан қорықпайтын жүйе. 


Ал қоғамның болашағы — жаңа ой, жаңа буын және жаңа жауапкершілікте.