Мұнай, Ресей және Украина: Трамп пен Орбан кездесуінен не күтуге болады

15

Munarmedia.kz 08.11.2025 /Астана/7 қараша күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның Ақ үйдегі кездесуі жылы әрі достық атмосферада өтетіні анық. Алайда түскі ас барысында кейбір өткір сұрақтар талқыланбай қалмайды.

Екі саясаткер көптен бері ұқсас ұстанымдарымен жақындасқанымен, Ресей мұнайының импорты мәселесінде ортақ пікірге келе алмады. Бұған қоса, Трамп пен Путиннің Будапештте кездесу өткізу жоспары да белгісіз мерзімге шегерілді. 5 қарашада Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто бұл тақырыпты әдейі айналып өткен сияқты – Вашингтонда ірі келісім жасалатынына үміт тым көп болмас үшін.

“Бір-бірімізге ұсынар көп нәрсе жоқ”

Сийяртоның айтуынша, Венгрия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас “алтын дәуірін” бастан кешіп отыр. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – экономика мен энергетика саласындағы серіктестік. Дегенмен, нақты егжей-тегжей айтылған жоқ.
АҚШ үшін Венгрия аса ірі сауда әріптесі саналмайды: 2024 жылы екі ел арасындағы сауда теңгерімінде АҚШ-тың тапшылығы $9,4 млрд құрады, экспорт көлемі бар болғаны $3,2 млрд болды.

Венгрия үкіметіндегі дереккөз Radio Free Europe-ке: “Бізде бір-бірімізге ұсынар көп дүние жоқ”, – дегенмен, Орбан АҚШ-тан сұйытылған газ сатып алуға келісуі мүмкін екенін де айтқан. Бұған дейін ол ресейлік газға қарағанда бұл бағытты тиімсіз деп есептеген еді.

Бұл шешім, сондай-ақ аздаған қару-жарақ сатып алу және АҚШ компанияларымен азаматтық атом энергетикасы саласындағы әріптестік – мұнай санкцияларынан босатуға бағытталған “қызметке қызмет” түріндегі мәміленің бөлігі болуы мүмкін.

Кейін Сийярто Венгрия мен АҚШ атом энергетикасы саласында серіктестік туралы үкіметаралық келісімге қол қоятынын растады. “Біз алғаш рет тарихта АҚШ-тан ядролық отын сатып аламыз”, – деді министр.
Бұл келісім сонымен қатар Венгрияның Пакш атом электр станциясында пайдаланылған ядролық қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін америкалық технологияны енгізуді және шағын модульдік реакторлар салуды көздейді.

Мұнай санкциялары және Орбанның үміті

Орбанның Вашингтондағы басты талқылайтын тақырыбы – Ресей мұнайына қатысты АҚШ санкцияларынан босату мүмкіндігі. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мұнай мен газ экспорты есебінен қаржыланғандықтан, АҚШ пен Еуропа одағы ірі ресейлік мұнай компанияларына жаңа санкциялар енгізген болатын.

Radio Free Europe дереккөздерінің хабарлауынша, Будапешт бұл жолы ерекше жағдай жасалады деп күткен. Өйткені өткен айда “Роснефтьтің” Германиядағы еншілес кәсіпорнына уақытша жеңілдік берілген еді. Алайда Трамп бұл сұранысқа нақты жауап берді:

“Ол (Орбан) жеңілдік сұрады. Біз бермедік... Бірақ Виктор – менің досым”, – деді Трамп 31 қазанда журналистерге.

Өткен айда Вашингтон “Роснефть” пен “Лукойл” компанияларына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл шешім Ресеймен бизнес жүргізетін елдерге де екінші деңгейлі санкция қаупін тудырады.

АҚШ-тың НАТО-дағы елшісі Мэтт Уитакер Fox News арнасына берген сұхбатында:

“Венгрия, көршілерінен айырмашылығы, ресейлік энергиядан бас тартуға бағытталған нақты жоспар жасамады. Біздің достарымызға көп нәрсені қайта қарауға тура келеді”, – деді.

Орбан бұл сынға ашық қарсы жауап берді:

“Венгрия үшін мұнай импортының тоқтауы – экономиканы тізерлететін апат болар еді”, – деді ол.

Украина мен Еуропа одағы: қайшылық сақталып отыр

Орбан Украинаның ЕО-ға мүшелікке ұмтылысын бұрынғысынша қолдамайды. Bloomberg дерегі бойынша, тамызда Трамп оған қоңырау шалып, Киевке тосқауыл қоймауды сұраған. Алайда Сийярто бұл мәліметті жоққа шығарды:

“Мұндай телефон қоңырауы болған жоқ. Мүлде болмады”, – деді ол.

Соған қарамастан, Зеленский 4 қарашада Трамптың Украинаға ЕО мүшесі ретінде қолдау білдіргенін айтты.

“Мен Трамптан Орбанның блоктауын тоқтатуға көмектесуді сұрадым. Ол қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты”, – деді Украина президенті.

Оған жауап ретінде Орбан әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап:

“Венгрия Украина Еуроодаққа кіруін қолдамайды және қолдамайтын болады. Өйткені бұл соғысты Еуропаға әкеліп, венгр салықтарын Киевке бағыттайды”, – деп жазды.

Ақпараттық майдан және Radio Free Europe

Орбанның сапары қарсаңында АҚШ жағы күтпеген шешім қабылдады: АҚШ-тың ғаламдық медиа агенттігінің басшысы Кэри Лейк Конгреске Венгриядағы Radio Free Europe қызметін жабу туралы хабарлама жіберді. Себебі агенттік “АҚШ ұлттық мүдделеріне сай келмейді” деген уәж келтірілді.
Бұл радиоқызмет 2020 жылы Конгрестің шешімімен қайта ашылған еді. Ресми басшылық әзірге пікір білдірген жоқ.