Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылындағы жекеменшік балабақшада үш жасар бала ауыр жарақат алып, ата-анасының айтуынша, мекеме басшылығы операция шығынын жабудың орнына 200 мың теңге ұсынып, «оқиғаны ұмытуға» кеңес берген.
«Ақша алыңыздар, бәрібір ең көп дегенде айыппұлмен шектелеміз», – деген уәжді балабақша басшылығы айтқанын ата-аналар жеткізді.
Балақайдың анасының айтуынша, әуелде тәрбиеші жарақатты «стақаннан қолын кесіп алды» деп түсіндірген. Алайда кейін белгілі болғандай, бүлдіршіннің саусағын шкафтың есігі қысып қалған.
Жедел жәрдем шақырылмағандықтан, баланы ата-анасы өздері ауруханаға жеткізуге мәжбүр болған. Дәрігерлер ауыр жарақатты тіркеп, ашық сүйекті білезіктен алынған терімен жапқан.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 141-бабы («Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүлдіршін ем қабылдап жатыр. Ал отбасы ұсынылған «өтемақыдан» бас тартып, пластикалық операция шығынын өндіру үшін сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.