Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Көкшетаудағы түнгі жартылай марафондардың бірінде 35 жастағы екі баланың анасы қайтыс болған қайғылы жағдайдан кейін Ақмола облысында бұқаралық жүгіру шараларына қатысу талаптары қайта қаралды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңір аумағында марафондар мен жүгіру жарыстарын ұйымдастыратын барлық мекемелерге жаңа талаптарды түсіндіретін ресми хат жолданған.
«Енді әрбір қатысушы стандартты қолхатпен бірге, старт алдында кардиологтың тексеруінен өткенін растайтын медициналық анықтама ұсынуы тиіс», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Басқарма енгізілген қосымша медициналық бақылау шаралары спортшылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және жоғары физикалық жүктемелер кезіндегі денсаулыққа төнетін қатерлерді азайтуға бағытталғанын қадап айтты.