«Lenovo» компаниясының директорының өліміне күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

20


Munarmedia.kz.24.07.2025/Астана/-Азербайжаннан Қазақстанға Алматы қаласындағы кәсіпкердің өліміне байланысты резонансты қылмыстың күдіктілерінің бірі экстрадицияланды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында күдікті өз сыбайласымен бірге таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шақырып, оны есінен танғанша ұрып-соғып, жалпы құны шамамен 40 млн теңге тұратын мүлкін иемденген. Кейін олар кәсіпкерді қала сыртына алып шығып, өлтірген.

Қылмыстың құрбаны – Ермек Жәкіпжанов. Ол «Lenovo» компаниясының Қазақстан, Тәжікстан және Түрікменстан аумағындағы мемлекеттік құрылымдармен жұмыс жөніндегі директоры қызметін атқарған. «Informburo.kz» дерегінше, Жәкіпжановтың мәйіті Өтеген батыр кентінің маңынан табылған.

Экстрадициядан кейін күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді. Оған кісі өлтіру, қарақшылық және өзге де ауыр қылмыстар бойынша айып тағылуда. Күдіктіге 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеп, өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Ал оның сыбайласы қылмыстан көп ұзамай қолға түскен.