Газа секторында аштықтан адамдар қаза табуда

61

Munarmedia.kz.24.07.2025/Астана/-ХАМАС ұйымының бақылауындағы Газа секторындағы денсаулық сақтау министрлігі соңғы екі тәулікте аштықтан 33 адамның, соның ішінде 12 баланың көз жұмғанын хабарлады.

Министрліктің дерегінше, соғыс басталғалы бері Газа секторында аштықтан 101 адам қайтыс болған, олардың 80-і — балалар. Газа қаласындағы «Шифа» ауруханасының директоры доктор Мохаммед Абу Салмия Би-би-си арнасына берген сұхбатында секторда 900 мыңға жуық баланың дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп отырғанын айтты.

Өз кезегінде Израиль тарапы Газаға гуманитарлық және азық-түлік көмегінің жеткізілуіне кедергі келтірмейтінін және 2000 тоннадан астам балалар тағамы жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда бұл көлемнің қандай мерзім ішінде жеткізілгені нақты айтылған жоқ.

Agence France Presse агенттігінің журналистер қауымдастығы дүйсенбі күні Газа секторындағы оның штаттан тыс тілшілеріне аштықтан өлу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.

Палестина тарапы израильдік әскерилер мен америкалық Gaza Humanitarian Foundation компаниясының күзетшілерін гуманитарлық көмек тарату орындарында жиналған адамдарға оқ атып жатыр деп айыптауда.