Астананы Каракаспен салыстырған мәлімдеме: полиция депутатты жауапкершілік туралы ескертті

36

Munarmedia.kz 13.12.2025 /Астана/ Астана қалалық мәслихатында қылмыстық ахуалға қатысты мәлімдемеден кейін қоғамдық резонанс туындады. Мәслихат депутаты Талғат Ерғалиев Сарыарқа ауданын қауіпсіздік деңгейі бойынша Венесуэламен салыстырып, елордадағы қылмыс көрсеткіштеріне қатысты өткір пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, қала аумағының небәрі 3 пайызын ғана құрайтын Сарыарқа ауданында барлық құқықбұзушылықтардың шамамен жартысы тіркеледі. Сонымен қатар ол елордада жыл сайын жасалатын қылмыстар саны 40 мыңға жуықтайды деген дерек келтірді.

Бұл мәлімдемеге қала әкімі Жеңіс Қасымбек бірден жауап қатып, елордадағы қылмыс деңгейі, керісінше, төмендеп келе жатқанын атап өтті. Ол қоғамдық мінберде айтылатын пікірлерге жауапкершілікпен қарауға шақырып, даулы әрі шулы салыстырулардан сақ болу қажеттігін ескертті.

«Бізді Каракаспен немесе Венесуэламен салыстыру өте күрделі мәселе. Сондықтан құрметті депутаттар әрбір айтқан сөзі үшін жауапкершілік алуы тиіс. Мұндай мәлімдемелерді өте абайлап жасау қажет», — деді қала басшысы.

Кейін дауға Астана қаласы Полиция департаменті де араласты. Құқық қорғау органдары депутат келтірген мәліметтердің ресми қылмыстық статистикаға сәйкес келмейтінін мәлімдеп, жалған ақпарат таратудың салдары болатынын ескертті.

«Қоғамдық мәртебесі мен қызметтік өкілеттігі бар тұлғалар тарапынан да жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады», — делінген Полиция департаментінің ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары халық қалаулысы сілтеме жасаған дереккөздерді тексеріп жатыр.