MUNARMEDIA.KZ 09.09.2025 /АСТАНА/-Ақтөбеде жас инженер-педагогтар тобы әскерилерге арналған жоғары технологиялы «болашақ шлемін» жасап шығарды. Бұл құрылғы қазіргі заманғы жауынгерге қажет барлық жүйені біріктіреді: интерактивті карталар, дәлдеуіш пен телеметрия, бейнекамералар, сондай-ақ түнгі көру және жылу детекторлары бар датчиктер.
Жоба авторлары шлемді әмбебап етіп ойластырған. Оны ұшқыштар да, танкистер де, жаяу әскер де, тіпті дрон операторлары да пайдалана алады. Яғни бір құрылғы бірнеше бағыттағы әскери бөлімшелерге бейімделген.
Бұл бастама — отандық инженерлік ойдың әлеуетін айқын көрсететін мысал. Жас робототехниктер мен ұстаздар өз қолымен жасаған өнімдері арқылы Қазақстан да қорғаныс технологиялары саласында жаһандық деңгейде бәсекеге түсе алатынын дәлелдеп отыр.
Алайда негізгі сұрақ алда тұр: Қорғаныс министрлігі дер кезінде қолдау білдіре ме? Өйткені әлемдік әскери индустрияда жаңа идеяларға аңсары ауып отырған ірі шетелдік корпорациялар мұндай талантты жастарды іздеп жүр. Егер мемлекет уақытында қолдау көрсетпесе, «болашақтың шлемі» қазақ өнертапқыштарының емес, өзге елдердің брендіне айналып кетуі мүмкін.