КИНШАСА, 2025 жылғы 25 сәуір /AFP/. Демократиялық Конго Республикасының үкіметі мен “Наурыздың 23 қозғалысы” (M23) деп аталатын көтерілісшілер тобы елдің шығысындағы қарулы қақтығысты тоқтату жөнінде келісімге келді.
Мәлімдемеде бұл келісімнің басты мақсаты – тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету жолдарын іздестіру екені айтылып, тараптар келісілген мерзім аралығында атысты тоқтату шарттарын орындауға тиіс екені атап өтілген.
Атысты тоқтату туралы келіссөздерге Катар мемлекеті делдалдық еткен. 2021 жылдан бері Конго үкіметі мен M23 тобы бірнеше рет бітімге келуге тырысқанымен, олар келісімді жиі бұзып келген.
1994 жылы Руандада тутси этникалық азшылығына қарсы геноцид орын алғаннан бері Конгода қарулы қақтығыс 30 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді.
Тутси этносының мүддесін қорғайтын M23 тобының көтерілісшілері биылғы қаңтардың соңында Руанда қарулы күштерінің қолдауымен елдің шығысындағы ең ірі қала — Гоманы өз бақылауына алған. Сонымен қатар, Шығыс Конгоның Оңтүстік Киву провинциясының әкімшілік орталығы Букаву қаласы да осы топтың бақылауында қалып отыр.