Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Латвия Оттава конвенциясынан шығатынын мәлімдеді

28




ВИЛЬНЮС, 2025 жылғы 26 сәуір /Delfi/. Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс елді жаяу әскерге қарсы миналарды өндіру, сақтау және қолдануға тыйым салатын Оттава конвенциясынан шығару туралы заңға қол қойды.

Заң жобасының түсіндірмесінде: "Өңірлік қауіпсіздік ахуалы айтарлықтай өзгеріп отырған қазіргі жағдайда, Латвия үшін кез келген қауіп-қатерге қарсы икемді әрі тиімді шаралар қабылдау, ел мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тежеу қабілетін күшейту үшін әртүрлі қару түрлерін пайдалану мүмкіндігі маңызды" делінген.

Латвия билігінің пайымдауынша, жаяу әскерге қарсы миналарды басқа қару түрлерімен бірге пайдалану қорғаныс қабілетін арттырады және оларды алмастыратын балама шешім әзірге жоқ.

Сонымен қатар, Латвия халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын сақтап, әскери әрекеттер салдарынан бейбіт тұрғындарға келетін залалды азайту жөніндегі міндеттемелерін орындауды жалғастыратынын атап өтті.

Бұған дейін Латвияның парламенті — Сейм, елді Оттава конвенциясынан шығару туралы заң жобасын соңғы оқылымда мақұлдаған болатын. Елдің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Латвия бұл үдерісті Польша және Эстониямен бірге жүзеге асырады деген үміт бар.

2025 жылғы 18 наурызда Латвия, Литва, Польша және Эстония елдерінің қорғаныс министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, үкіметтеріне Оттава конвенциясынан шығуды ұсынған.

Министрлер бұл ұсынысты Ресей мен Беларусьпен шекаралас НАТО мүшелеріне төнетін әскери қауіп-қатердің айтарлықтай артуымен байланыстырған.

Айта кетейік, жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын Оттава конвенциясы 1999 жылдан бастап күшіне енген және оған 164 ел қосылған.