Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

АҚШ-та обырдан қайтыс болу көрсеткіші төмендеді

11


ВАШИНГТОН, 2025 жылғы 25 сәуір /CNN/. АҚШ-тағы қатерлі ісік ауруына қатысты ең соңғы есепке сәйкес, 2001 жылдан 2022 жылға дейін обырдан қайтыс болу көрсеткіші тұрақты түрде азайып отырғаны анықталған. Сонымен қатар, ер адамдар арасында қатерлі ісікке шалдығу деңгейі 2001–2013 жылдары төмендеген болса, 2021 жылға дейін бұл көрсеткіш тұрақтанған. Ал әйелдер арасында 2003–2021 жылдар аралығында обырмен ауыру жыл сайын сәл де болса артып отырған.

2020 жылы қатерлі ісікке шалдығу деңгейінің айтарлықтай төмендеуі COVID-19 пандемиясына байланысты медициналық қызмет көрсетудегі өзгерістермен түсіндірілген. Аталған жылы көрсеткіштер біршама төмен болғанымен, кейінгі жылдары бұрынғы деңгейіне қайта жеткен. "2020 жылы обыр деректері аз тіркелгендіктен, алдағы уақытта аурудың кеш сатысында анықталу жиілігі артуы мүмкін", – делінген зерттеуде.

2024 жылғы обырға қатысты ұлттық есеп дүйсенбі күні “Cancer” ғылыми журналында жарияланған. Есеп АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы, Ұлттық онкология институты және Американдық қатерлі ісік қоғамының зерттеушілері дайындаған.

“Жалпы алғанда, қатерлі ісік ауруы мен өлім-жітімнің азаюы – қауіпті факторлардың төмендеуі, ерте диагностика мен емдеудегі жетістіктердің нәтижесі” деп түйіндеген зерттеушілер.

Сондай-ақ, АҚШ-та темекі шегетіндердің азаюы өкпе, қуық, кеңірдек сынды темекіге байланысты обыр түрлерінің және олардан болатын өлім-жітімнің азаюына әсер еткені айтылған. Өкпе обырының азаюы жалпы өлім-жітім деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай үлес қосқан. Дегенмен, семіздікпен байланысты ұйқы безі мен бүйрек обыры, сонымен қатар әйелдер арасында жатыр мойны, сүт безі, бауыр қатерлі ісігі, ал жасөспірімдер мен жастар арасында тоқ ішек және тік ішек обыры көбейіп келеді.

Бұрынғы зерттеулер қатерлі ісіктің егде жастан жастарға, ерлерден әйелдерге қарай ығысып жатқанын көрсеткен. Биылғы жылдың басында жарияланған Американдық қатерлі ісік қоғамының есебіне сәйкес, орта жастағы әйелдерде обырға шалдығу қаупі ерлерге қарағанда сәл жоғары. Ал жас әйелдер қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы жас ерлермен салыстырғанда екі есе жоғары болған.

Жаңа есеп бойынша, әйелдер арасындағы қатерлі ісікке шалдығу жыл сайын 0.3%-ға өсіп отыр. Асқазан обырына қатысты жағдайлар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының обырды жіктеу тәсіліндегі өзгерістермен байланысты болуы мүмкін деп санайды зерттеушілер.

Сүт безі қатерлі ісігі де біртіндеп артып келеді. Бұған артық салмақ, алкогольді тұтыну, аналықты кеш бастау сынды факторлар ықпал етеді. Сонымен қатар, есеп нәсілдік айырмашылықтардың сақталып отырғанын көрсеткен. Мәселен, қара нәсілді әйелдердің сүт безі қатерлі ісігінен қайтыс болу қаупі ақ нәсілділерден 40%-ға жоғары, ал жатыр мойны обырынан өлім-жітім екі есе көп екені анықталған. Мұндай теңсіздікке медициналық қызметке қолжетімділік, диагностикалау мен ем алу деңгейі себеп болуы мүмкін.

Темекіден бас тарту, дене салмағын қалыпты ұстау, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну, алкогольден аулақ болу, теріні күн сәулесінен қорғау сияқты өмір салтын өзгерту қатерлі ісік қаупін азайтуға көмектеседі. Сонымен бірге, уақтылы скринингтен өту – обырды ерте анықтап, тиімді емдеуге мүмкіндік береді.