Munarmedia.kz.20.08.2025 /Астана/-Көкшетауда полиция қызметкерлері той кортежінің жол ережесін өрескел бұзып, қала көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырғанын анықтады.
Патруль кезінде тәртіп сақшылары бірнеше автокөліктен құралған үйлену тойының кортежін байқайды. Алғашында полицейлер сабырлық танытып, жас жұбайларды құттықтап, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертумен шектелген.
Алайда ескертуге қарамастан, Mercedes-Benz 230 E, Hyundai Grandeur, Lexus GX 430 және Lexus ES 300 маркалы көліктер қала көшелерінде дабыл қағып, қауіпті маневрлер жасай отырып, жоғары жылдамдықпен қозғалған.
Бірінші рет тәртіп бұзушылар Назарбаев даңғылында тоқтатылды. Оларға тағы да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, той — жол ережесін бұзуға себеп емес екені айтылды. Дегенмен бұл профилактикалық шара нәтиже бермеді.
Бірнеше минут өткен соң сол кортеж басқа көшеде қайтадан ережені елемей, лихачтық танытқан. Ақыры жүргізушілер жолаушы тасымалдау және маневр жасау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл оқиға қоғамда той кортеждерінің мәдениеті мен қауіпсіздігіне қатысты кезекті талқылауларға түрткі болды. Сарапшылардың пікірінше, салтанатты шараны атап өтудің мұндай тәсілі жолдағы адам өміріне қатер төндіріп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті де бұзады.