Ташкентте 290 миллион долларлық Олимпиадалық қалашық ашылды

52

Munarmedia.kz.20.08.2025 /Астана/-Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 18 тамызда ел астанасында бой көтерген жаңа Олимпиадалық қалашықты аралады. Жалпы құны 290 миллион долларды құраған бұл жоба Өзбекстан тарихындағы ең ірі спорттық кешен саналады. Аумағы 100 гектардан асатын нысанды қытайлық CAMC Engineering компаниясы халықаралық стандарттарға сай тұрғызған.

Кешен құрамында бес негізгі спорттық нысан бар: 2200 көрерменге арналған велодром, 12 мың орындық стадион, Су спорты сарайы, ойын және жекпе-жек түрлеріне арналған ареналар, сондай-ақ 15 ашық спорт алаңы. Велотрек арнайы ағаш түрлерінен жасалып, Халықаралық олимпиадалық комитет талаптарына толық сәйкес келеді. Ал стадион Әлем чемпионаты, Паралимпиада және IBSA турнирлерін өткізуге мүмкіндік береді.

Олимпиадалық қалашықта паралимпиадалық спортшыларға да жағдай жасалған: 400 орындық жатақхана мен Спорттық медицина жөніндегі ғылыми-практикалық орталық салынып отыр. Барлық ғимараттар энергия үнемдеу технологиясымен жобаланған, автотұрақтарға күн батареялары орнатылады.

Президент Мирзиёев спортшыларға арнаған сөзінде:
«Сіздердің әрбір жеңісіңіз – халықтың мақтанышы, жастарға күш-қуат пен жігер беретін рухани шабыт. Біздің спортты жаңа белестерге көтеріңіздер», – деді.

Өзбекстан билігі Олимпиадалық қалашықты халықаралық жарыстардың жаңа орталығы әрі елде бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін маңызды жобалардың бірі деп санайды.