Munarmedia.kz 20.08.2025 ж/Астана/-Алматы облысы Іле ауданының 19 елді мекенінде тұратын 120 мыңға жуық тұрғын соңғы 10–15 жылдан бері таза ауаның не екенін ұмытып, күн сайын метан иісін жұтып келеді. Бұл – тек жайсыздық емес, тұрғындардың денсаулығына, болашақ ұрпақтың өміріне қауіп төндіріп отырған экологиялық апат.
Мәселенің түп-төркіні белгілі: Алматы қаласының кәріз қалдық сулары Іле ауданына төгіледі. Улы иіс қашан да тұрғындардың өмірін улайтын көршіге айналды. Жергілікті халықтың талай рет дабыл қаққанына қарамастан, бұл мәселе он жылдан астам уақыт бойы шешілмей келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, кәріз қалдықтарының ауаға таралуы тыныс алу жолдарының ауруларын 40%-ға, онкологиялық тәуекелдерді 20%-ға арттырады. Мұндай факторлар Қазақстан үшін ғана емес, кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп бағаланады.
Халықаралық тәжірибе не дейді?
Әлем елдері мұндай мәселелерді бұрыннан шешіп келеді.
-
Германияда кәріз қалдықтары арнайы биогаз станцияларына жеткізіліп, метаннан электр қуаты өндіріледі. Бір қаладағы станция орта есеппен 40 мың үйді жарықпен қамтамасыз ете алады.
-
Жапонияда қалдық суларды толықтай биологиялық және химиялық өңдеуден өткізіп, ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланады.
-
Оңтүстік Корея қалдықтарды қайта өңдеу арқылы судың 90%-ын техникалық мақсаттарға қайтарып отырады.
-
Қытайда “waste-to-energy” жобалары аясында ірі мегаполистердің кәріз сулары мен қатты тұрмыстық қалдықтарынан жылу энергиясы өндіріледі.
Бұл тәжірибелердің барлығы Қазақстан үшін үлгі бола алады. Өйткені Іле ауданындағы жағдайды шешудің бірден-бір жолы – қалдықтарды қайта өңдеу және энергия көзіне айналдыру.
Қазақстандағы алғашқы қадамдар
«Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылы осы тұйықтан шығуға болатынын көрсетті. Жергілікті белсенді, партия мүшесі Орал Дәуіттің шақыруымен Іле ауданының елді мекендерінде болып, мәселенің жай-жапсарымен таныстық. Тұрғындармен дөңгелек үстел өткізіп, шешу жолдарын қарастырдық.
Сол жылы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ерболат Досаевпен кездесіп, арнайы жобаны қолға алдық. Нәтижесінде 800 миллион теңге бөлініп, жоба 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан өтті. 2025 жылғы Ұлттық жобаға енгізілуі – жергілікті халыққа үлкен үміт сыйлады. Бұл – Қазақстанның экологиялық саясатында маңызды бетбұрыс болуы тиіс.
Қазіргі таңда ең басты қауіп – қаржыландырудың кешеуілдеуі. Егер биыл күзде кәріз қалдықтары жиналған карталарды жоюға қаржы бөлінбесе, жоба қайтадан әзірленіп, тағы үш жылға созылады. Бұл халық үшін – төзімнің соңғы нүктесі.
Алматы Су мекемесі дайындаған жоба – бүгінгі күні іске асыруға болатын жалғыз тиімді шешім. Оның құны шамамен 8 миллиард теңге. Бұл қаражатты күзгі бюджеттен бөлдіру – Мәжіліс депутаттарының мойнындағы міндет.
Бүгінде Іле ауданы тұрғындарының үніне құлақ түретін уақыт жетті. Мәжілісте халықтың аманатын арқалап жүрген Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек сынды депутаттардың бұл мәселеге назар аударады деп сенеміз.
Экология – жай ғана табиғатты қорғау емес. Ол – денсаулық, өмір сапасы, ұрпақтың амандығы. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қоршаған ортаны қорғауды ұлттық қауіпсіздікпен тең қояды. Қазақстан да дәл осылай әрекет етуге тиіс.
Егер біз бүгін батыл қадам жасамасақ, ертеңгі тарих бізді кешірмейді. Іле даласындағы 120 мың адамның жанайқайы – бүкіл елдің жанайқайы.
Азаматхан Амиртаев,
“Байтақ” жасылдар партиясының төрағасы