Киев: Территория мәселесін Зеленский тек Путинмен жеке талқылайды

68

Munarmedia.kz 24.08.2025 /Астана/ Украинаның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица NBC News америкалық телеарнасына берген сұхбатында мәлімдегендей, Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен территория мәселесін талқылауға дайын, алайда бұл сұхбат тек Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесуде ғана өтуі мүмкін.

Exclusive.kz DW агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Кислица:
«Менің ойымша, президент Зеленский Путинмен отырып, территория мәселесін талқылауға дайын екенін анық көрсетті. Қазіргі шеп – бұл осы тақырыпты қозғауға болатын нүкте», – деп атап өтті.

Оның айтуынша, Украина президенті территориялық мәселелерге қатысты шешім қабылдағанда «қолданыстағы заңнама мен қоғам пікіріне» сүйенеді.
Кислицаның мәлімдеуінше, «Ресейдің 3,5 жылдық әскери агрессиясынан кейін украин қоғамы бейбітшілік үшін территорияны айырбастауға үзілді-кесілді қарсы».

Сонымен қатар, Украина СІМ басшысының орынбасары АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздерді ұйымдастыру әрекеттерін жоғары бағалады. Дегенмен, ол Мәскеудің келіссөздерге қатысты соңғы мәлімдемелерін сынға алып, Ресейді АҚШ-ты алдап, манипуляция жасауға ұмтылуда деп айыптады.
«Украина әзірге Путиннің екіжақты немесе үшжақты (АҚШ қатысуымен) мазмұнды келіссөздерге дайын екенінің ешқандай белгісін көріп отырған жоқ», — деп түйіндеді Кислица.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптан Зеленский мен Путиннің кездесуін ұйымдастыра ала ма деген сұраққа нақты жауап алынбаған. CNN телеарнасының хабарлауынша, Трамп:
«Білесіздер ме, бұл сірке мен май сияқты — олар жақсы араласпайды. Себебі түсінікті», — деген.
«Кездесуге менің қатысуым қажет бола ма, көреміз. Меніңше, олардың өздері кездесіп, қалай өтетінін байқап көргені дұрыс болар еді», — деп толықтырды Ақ үй басшысы.

Аталған мәлімдеме Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың NBC News агенттігіне: «Путин мен Зеленский арасындағы кездесу жоспарланбаған» деп хабарлауынан кейін айтылды.
Лавровтың сөзіне қарағанда, «президент Путин кездесу өткізуді қолдайды, бірақ ол үшін нақты әрі президент деңгейіндегі күн тәртібі болуы тиіс». Дегенмен, бұл «күн тәртібінің» мазмұны ашылып айтылған жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский 21 тамыздағы видеоүндеуінде Мәскеуді «Ресей мен Украина басшыларының кездесуінен қашуға тырысып отыр» деп айыптады.

«Прогреске қол жеткізуге болатын екі нақты формат бар. Бұл – көшбасшылар деңгейіндегі кездесулер. Біріншісі – екіжақты формат, яғни Украина мен Ресей. Екіншісі – үшжақты формат: Украина, АҚШ және Ресей. Біз бұл туралы Вашингтонда сөйлестік. Трамппен сөйлескен кезінде Путин де бұл туралы айтты. Бірақ олар кездесуден жалтарғысы келеді. Олар бұл соғысты аяқтағысы келмейді», — деді Зеленский.

Сондай-ақ ол украин тарапы Ресейге территория беру туралы мүмкіндікті қарастырмайтынын атап өтті. БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, мұндай ұсыныс Трамп пен Путиннің Аляскадағы кездесуі кезінде айтылған болуы мүмкін.

«Ресей Донецк облысында әлі де табысқа жете алған жоқ. Путин бұл аймақты 12 жылдан бері басып ала алмай келеді. Ал Украина Конституциясы территориядан бас тартуға немесе жерді айырбастауға заңды түрде тыйым салады», — деген болатын бұған дейін Зеленский.

Фото: NBC News / DW / CNN