Қазақстандықтардың мобильді аударымдары енді қалай бақылауға алынады

38

Munarmedia.kz 15.12.2025 /Астана/ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді ақша аударымдарын бақылауға қатысты жаңа тәртіп күшіне енеді. Осы өзгерістерге сәйкес, салық органдары жеке тұлғалардың шоттарына түсетін қаражатқа төмендегі екі шарт қатар орындалған жағдайда назар аударатын болады:

👉 егер бір адамның жеке шотына қатарынан үш ай бойы ай сайын 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударымдары түссе. Бұл талап бұрыннан қолданылып келген;

👉 аталған үш айдың ішінде шотқа түскен қаражаттың жиынтық сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асса. Бұл — жаңа енгізілген өлшем.

Осылайша, бұған дейін салық органдары негізінен ақша аударымдарын жіберушілердің санына мән берсе, енді жеке шотқа түскен қаражаттың жалпы көлемі де ескерілетін болады.

Егер ақша аударымдары жоғарыда аталған екі шартқа бірдей сәйкес келсе, бұл салық органдарында күмән тудыруы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтың кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарын жасырып отырған-отырмағаны тексеріледі.

Мамандар мұндай өзгерістер көлеңкелі кірістерді анықтауға және салықтық тәртіпті күшейтуге бағытталғанын атап өтеді.