Munarmedia.kz.08.09.2025 ж. /Астана/- Елордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия Ұлы Хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан арасында жоғары деңгейдегі кездесу өтті.
Ерөнхийлөгч Тоқаев екі ел арасындағы тарихи байланыстар мен ортақ мәдени құндылықтарды атап өтіп:
«Моңғолия – Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктесіміз. Бізді біріктіретін дәстүр, мәдениет және рухани құндылықтар – стратегиялық әріптестіктің берік іргетасы», – деді. Ол сонымен бірге Қазақстанның Моңғолиямен барлық салада ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Д.Амарбаясгалан Қазақстанға ресми сапармен келіп отырғанына зор қанағаттанушылық білдіріп:
«Бұл – Тәуелсіз Қазақстанға Ұлы Хурал төрағасы деңгейінде 22 жылдан кейін жасалған алғашқы сапар. Біздің халықтарымызды көне көшпелі өркениет, тарих пен дәстүр тығыз байланыстырады. Сондықтан бұл сапар – елдеріміздің достығы мен серіктестігін нығайтудағы жаңа кезең», – деп атап өтті.
Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты «Стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтергенін ерекше атап, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жылы лебізін жеткізді.
Тараптар экономикалық өзара іс-қимылды күшейту үшін зор әлеует бар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм, білім беру және мәдениет салаларындағы әріптестікті кеңейтуге ниетті екенін білдірді.
Моңғолия тарапы «Қазақстан–Моңғолия сауда-экономикалық ынтымақтастығын 2025–2027 жылдарға жандандыру жөніндегі жол картасын» толық қолдайтынын мәлімдеп, екіжақты тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына жеткізу міндетін құптады.
Кездесуде сонымен бірге екі ел азаматтарының өзара сапарын жеңілдету, экспорт-импорт көлемін арттыру, бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері қозғалды. Осы орайда жаңа көлік-логистикалық бағыттар ашу, әуе рейстерінің санын көбейту қажеттігіне баса назар аударылды.