ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін тағы да ұлғайтуға уағдаласты

24



MUNARMEDIA.KZ 8.09.2025 /АСТАНА/ - ОПЕК+ тобына кіретін сегіз негізгі мұнай экспорттаушы мемлекет өндірісті кезекті рет арттыруға келісімге келді.

Қыркүйектің 7-і күні өткен онлайн-жиын қорытындысында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оманның энергетика министрлері қазан айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 137 мың баррельге көбейту жөнінде шешім қабылдағаны жарияланды. Бұл қадам “нарықтағы оң көрсеткіштерге” және “әлемдік экономиканың тұрақты даму үрдісіне” негізделіп отыр.

Ресей вице-премьері Александр Новактың айтуынша, Мәскеу ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерін толық орындауда. Ол “өндірісті арттыру тұрғысынан да, өтемақы бойынша да” Ресей келісімге сай әрекет етіп жатқанын атап өтті. Новактың сөзіне қарағанда, бұл шешімдер Ресейдің мұнай саласына да, жалпы экономикасына да оң әсер етуде. “Бұдан әрі де әлемдік нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтауға негізделген шешімдер қабылдана береді”, – деді ол “Россия 24” арнасына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда мұнай бағасы бір баррель үшін 65–70 АҚШ доллары аралығында құбылып отыр. Дегенмен биылғы жылы баға шамамен 12 пайызға төмендеген. Норвегиядағы “Rystad Energy” талдау орталығының сарапшысы Хорхе Леонның пікірінше, ОПЕК+ шешімі нәтижесінде мұнай құны баррель үшін 60 доллардан да төмен түсуі мүмкін.

Бұған дейін, тамыз айының басында, осы сегіз мемлекет қыркүйек айында өндірісті тәулігіне 547 мың баррельге ұлғайтуға уағдаласқан болатын. Сонымен қатар олар 2024 жылдың қаңтарынан бастап артық өндірілген көлемді толық өтеп шығуды жоспарлап отырғанын ресми түрде растады.

Аталған сегіздік биылғы сәуір айында өндірісті тәулігіне 138 мың баррельге аздап өсірген. Одан кейін мамыр, маусым және шілде айларында өндіріс тәулігіне 411 мың баррельге артса, тамызда 548 мың баррельге, қыркүйекте 547 мың баррельге дейін көбейген.