Munarmedia.kz.08.09.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бұрынғы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы – Финпол) басшысы Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қожамжаровтың әр кезеңде атқарған жоғары лауазымдық қызметтері барысында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл істер бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылған.
Қайрат Қожамжаров құқық қорғау жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен тұлға. 1990-жылдары прокуратура органдарында еңбек еткен ол, 2008–2012 жылдары Финполды басқарды. Кейін Ақмола облысының әкімі (2012–2013), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Ұлттық бюроның басшысы, Бас прокурор, Сенат депутаты қызметтерін атқарды.
Оның бұрынғы серіктестері де соңғы уақытта қылмыстық қудалауға іліккен. Мәселен, Олеся Кексель мен Талғат Татубаевқа азаптау ісі бойынша айып тағылса, Қожамжаровтың бұйрығымен тағайындалған бұрынғы көлік прокуроры Максат Дүйсенов халықаралық іздеуде жүр.
Бұл істің ауқымы Қазақстанның құқық қорғау элитасындағы ықпалды тұлғаларға қатысты кезекті тергеу толқыны екенін аңғартып отыр.
–––