ВАШИНГТОН, 2025 жылғы 25 сәуір /TASS/. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффқа ядролық бағдарлама мәселелері бойынша уақытша келісім жасау ұсынысын жеткізгені туралы “Axios” басылымы дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Ақпарат көздерінің айтуынша, А.Арагчи Рим қаласында өткен консультациялық кездесуде тараптар АҚШ Президенті Дональд Трамп ұсынған 60 күн ішінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты барлық мәселені толық келісіп үлгермеуі мүмкін екенін айтқан.
Министрдің сөзінше, келісімнің техникалық және егжей-тегжейлі тұстарын пысықтау үшін қосымша уақыт қажет болғандықтан, екі ай ішінде толыққанды құжатқа қол қою қиын болуы ықтимал. Ал Уиткофф өз кезегінде уақытша келісім жасауды талқылауға қызығушылық танытпайтынын айтып, басты назарды 60 күн ішінде жан-жақты келісімге қол жеткізуге бағыттау қажет екенін мәлімдеген. Алайда, егер белгіленген мерзімнің соңына қарай тараптар қосымша уақыт қажет деп есептесе, онда уақытша келісімді қарастыруға болады деген пікірін білдірген.
Бұл ақпаратқа жауап ретінде БҰҰ-дағы Иранның Тұрақты өкілдігі “Axios” жариялаған материалды толығымен жоққа шығарып, “негізсіз әрі шындыққа сәйкес келмейтін” деп сипаттаған. АҚШ Мемлекеттік департаменті болса бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
А.Арагчи мен С.Уиткофф Оманның делдалдығымен Римде тікелей емес келіссөздер жүргізген. “Axios” басылымы тараптар бетпе-бет те кездескен деп хабарлаған.
Римдегі кездесу барысында “айтарлықтай прогресс байқалды” деп АҚШ әкімшілігінің өкілі атап өтті. Президент Трамп 60 күндік мерзімнің нақты қашан аяқталатынын жарияламағанымен, америкалық шенеуніктер Иранды уақыт таяп қалды деп қысымға алып отыр. Екі елдің делдал арқылы жүргізіп жатқан келіссөздерінің екінші кезеңі 19 сәуірде Рим қаласында өткен. А.Арагчидің айтуынша, тараптар бірнеше мәселе бойынша өзара түсіністікке келген. Келесі кездесу 26 сәуірде өтеді деп жоспарланған.