Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс күшейіп келеді: екі ел бір-біріне зымыранмен соққы жасады

89

Munarmedia.kz 14.06.2025 /Астана/-2025 жылғы 14 маусымға қараған түні Иран мен Израиль арасында қарулы қақтығыс жаңа кезеңге өтті. Иран астанасы Тегеранда орналасқан Мехрабад әуежайы ауданында жарылыстар тіркелді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл жерде Иранның Әуе-Қорғаныс күштерінің әскери базасы орналасқан.

Израиль тарапы Ираннан бірнеше ондаған зымыран ұшырылғанын растады. Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) азаматтарды баспаналарға жасырынуға шақырып, қауіп туралы ескерту таратты. ЦАХАЛ мәліметінше, ұшырылған зымырандардың бір бөлігі әуеде атып түсірілді, алайда бірнешеуі ел аумағына жетіп, зардап шеккендер мен қирандылар жайлы хабарлар түсті.

Иран түн ішінде бірнеше толқынды зымыранмен шабуыл жасады. CNN арнасына пікір білдірген ирандық жоғары лауазымды тұлға, егер басқа елдер Израильді қорғауға тырысса, олардың аймақтық әскери базалары соққыға ұшырайтынын ескертті.

Қақтығыстың ауқымы кеңеюде

BBC Таяу Шығыс тілшісі Себастьян Ашердің хабарлауынша, бұл жолғы шабуылдар бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда қарқынды. Жұма күні шамамен 100 ұшқышсыз ұшақ (дрон) Израиль тарапынан атып түсірілгені айтылды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз мәлімдемесінде Иранға бағытталған әскери операциялар бірнеше күнге созылуы мүмкін екенін ескертті. Израильдің мақсаты – Иранның ядролық қару жасау әлеуетін толық жою.



Жараланғандар мен қаза тапқандар бар

13 маусым күні Израиль Иранға бағытталған соққылар нәтижесінде 78 адам қаза тауып, 320-дан астам адам жараланды. Бұл мәліметті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иран елшісі Амир-Саид Иравани жариялады. Оның айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі бейбіт тұрғындар, олардың ішінде Иран Қарулы күштері бас штабының бастығы мен бірнеше ядролық физиктер де бар.

Израильге қарсы шабуылдар барысында Тель-Авив пен Иерусалимде жарылыстар мен өрттер орын алды. 40-қа жуық адам жараланған, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Израильдің өрт сөндіру қызметі бірнеше өрт ошақтарында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Халықаралық реакция

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран мен Израильді жағдайды ушықтырмауға шақырды. «Бейбітшілік пен дипломатия үстемдік етуі керек», — деді ол әлеуметтік желідегі үндеуінде.

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Израиль президентімен сөйлесіп, барлық тарапты ұстамдылық танытуға шақырды. Дегенмен, Еуроодақ Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын қолдайтынын атап өтті.

Қытай тарапы, керісінше, Израильдің Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуын айыптап, Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа алаңдаушылық білдірді.