Munarmedia.kz 14.06.2025 /Астана/-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне арналған марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, бұл шараның тұңғыш рет Ақордада өткізіліп отырғанын ерекше атап өтті.
Ұлт саулығы — басымдық
Президент өз сөзінде ел денсаулығы — мемлекет үшін ең басты құндылық екенін айтты. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері — ұлттың саулығын сақтайтын, ең қадірлі әрі абыройлы мамандық иелері.
Тоқаев қазақтың көрнекті тұлғалары — Халел Досмұхамедұлы мен Санжар Асфендияровты мысалға келтіріп, олардың тек медицина саласына ғана емес, елдің тәуелсіздігі мен халықтың әл-ауқатына да өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
Нақты жетістіктер
– Бүгінде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді. Қыруар жетістіктерге қол жеткіздік. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12%-ға төмендеді. Соңғы бес жылда 800-ге жуық емхана мен аурухана салынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, – деді Президент.
Салтанатты жиын аясында еліміздің үздік медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табысталды.