Munarmedia.kz 06.11.2025 /Астана/ Филиппиннің орталық бөлігін жайпап өткен «Калмаеги» тайфуны ауыр зардаптарға әкелді. Табиғи апат пен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 114-ке жетіп, 127 адам із-түзсіз жоғалған деп хабарлайды елдің Азаматтық қорғаныс басқармасы.
Қайтыс болғандардың көбі апаттың негізгі соққысына ұшыраған Себу провинциясының тұрғындары екені белгілі болды. Басқарма басшысының орынбасары Бернардо Рафаэлито Алехандроның айтуынша, дүйсенбі күні болған тасқын көптеген ауылдарды түгел шайып кеткен.
Синоптиктердің мәліметінше, сәрсенбі күні таңертең «Калмаеги» Палаван провинциясы арқылы өтіп, Оңтүстік Қытай теңізі арқылы Вьетнам бағытында жылжыған. Дүйсенбі күні Агусан-дель-Сур аймағында Филиппин Әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырап, борттағы алты адам қаза тапқан. Олар тайфуннан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізіп бара жатқан. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Қатты нөсер мен су тасқыны салдарынан Себу мен оған көршілес аймақтарда тұрғын үйлер су астында қалған. Көптеген адамдар үйлерінің шатырына шығып, құтқарушыларды күтсе де, кейбірі аман қалмаған. Азаматтық қорғаныс қызметінің дерегінше, тек Себу провинциясының өзінде 71 адам қаза тауып, 65 адам хабарсыз кеткен, 69 тұрғын түрлі жарақат алған. Ал көршілес Негрос-Оксидентал провинциясында 62 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Себу губернаторы Памела Барикуатро Associated Press агенттігіне берген сұхбатында:
«Біз алдын алу шараларын барынша жүргіздік, алайда мұндай күтпеген су тасқынын болжау мүмкін болмады», — деді.
Ерікті құтқарушы Калой Рамирестің айтуынша, тасқын Себу өзені бойындағы тұтас тұрғын аудандарды жермен жексен еткен.
Филиппин билігі қазіргі уақытта жоғалғандарды іздеу және зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізу жұмыстарын күшейтті. Тайфун ел тарихындағы ең жойқын табиғи апаттардың бірі ретінде тіркеліп отыр.