«Орталық Азия – АҚШ» жоғары деңгейдегі саммиті бүгін Вашингтонда өтеді

12

Munarmedia.kz 06.11.2025 /Астана/ Бүгін Вашингтон қаласында «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) форматындағы жоғары деңгейдегі саммит басталады. Бұл жиынға Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары мен АҚШ Президенті қатысады. Аймақтық қана емес, жаһандық сарапшылардың назарын өзіне аударған бұл кездесу қазіргі геосаяси жағдайда ерекше маңызға ие болып отыр.

Қазақстандық халықаралық сарапшы Сұлтан Акимбековтың пікірінше, алдағы саммит – Орталық Азия елдері мен әлемнің жетекші державалары арасындағы саяси диалогтың жалғасы ғана емес, сонымен бірге аймақтың жаһандық саясаттағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Сарапшылардың айтуынша, ірі державалардың Орталық Азияға қызығушылығының күшеюі – өңірдің Еуразияның дәл ортасында орналасқан стратегиялық маңызымен, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға, Ресейден Оңтүстік Азияға дейінгі халықаралық көлік дәліздерін қалыптастырудағы рөлімен байланысты.

Соңғы он жылда аймақ елдері біртұтас сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық аренада өз ұстанымдарын үйлестіруге және ортақ үнін күшейтуге қол жеткізді. «C5+1» форматы — ресми міндеттемелер мен қатаң келісімдерге байланбай, нақты нәтижеге бағытталған өңірлік ынтымақтастықтың тиімді үлгісі ретінде бағаланып отыр.

Вашингтондағы саммит — биыл өткен «C5+Ресей» (Душанбе, 2025 ж. қазан), «C5+Қытай» (Астана, 2025 ж. маусым) және «C5+Еуропа» (Самарқанд, 2025 ж. сәуір) форматындағы кездесулердің жалғасы. Сарапшылардың пікірінше, Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін АҚШ аймаққа деген қызығушылығын тұрақты түрде арттыра түсті.

Бұл кездесу жаһандық экономиканың тұрақсыз жағдайында Орталық Азияның құрлықаралық сауда мен көлік қатынасындағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Аймақ бүгінде Еуразия құрлығындағы геосаяси және экономикалық тепе-теңдіктің маңызды буынына айналуда.