Жапонияда аю шабуылдарына қарсы әскери күш жұмылдырылды

45

Munarmedia.kz 06.11.2025 /Астана/ Жапония үкіметі елдің солтүстік өңірлерінде жиілеп кеткен аю шабуылдарына қарсы күреске әскерилерді тарту туралы шешім қабылдады.

Биылдың өзінде аюлардың шабуылынан ондаған адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан. Ресми деректерге сәйкес, жылдың басынан бері елді мекендердің маңында аю көрінуінің 8 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен алты есе көп көрсеткіш.

Ең күрделі жағдай Акита префектурасында байқалуда. Ондағы тұрғындар күн батқаннан кейін үйлерінен шықпауға тырысып, орман жолдарын айналып өтуде. Жаңа премьер-министр Санаэ Такаити басшылығымен үкімет азаматтық қорғаныс қызметін қолдау мақсатында Өз-өзін қорғау күштерін (яғни, әскерилерді) жұмылдыру туралы шешім қабылдаған.

Дегенмен сарбаздарға аюларды атуға рұқсат берілмейді — олардың негізгі міндеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындарды қорғау. Әскерилер қорғаныс қалқандары, торлар және үркіткіш құралдармен жабдықталған. Олар тор орнату, ұсталған жануарларды тасымалдау және аңшыларға көмек көрсету жұмыстарын атқарады.

Мамандардың айтуынша, аюлардың адамдарға жиі шабуыл жасауы климаттың өзгеруі мен ауылдық аймақтардың босап қалуымен байланысты. Табиғи азық-түлік азайған соң, жыртқыштар адамдар тұратын өңірлерге азық іздеп келе бастаған. Сонымен қатар, соңғы жылдары аңшылар санының азаюы да аю популяциясын бақылауды қиындатқан.

Сарапшылар бұл жағдайды «Жапонияның экологиялық және демографиялық дағдарысының жаңа көрінісі» деп атап, билікті ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға шақырып отыр.