«Байтақ» партиясы: Президент Жолдауы — болашақтың картасы

92

MUNARMEDIA.KZ /Астана/ 09.09.2025жыл-Астанада кеше Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауына үн қосқан ерекше жиын өтті. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы журналистер мен қоғам белсенділері алдында баспасөз мәслихатын өткізіп, елдің стратегиялық бағытына өз көзқарасын білдірді.

Залда сөз алған партия төрағасы Азаматхан Әміртай Жолдауды тек ресми құжат емес, Қазақстанның алдағы онжылдықтағы даму бағдарын айқындайтын «болашақтың картасы» деп атады. Оның айтуынша, Президенттің көтерген бастамалары халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді, ал «Байтақ» партиясы бұл жолда қоғамның жасыл үнін жеткізуді өз міндеті санайды.


Цифрландыру — халыққа қызмет етуі тиіс

Партия төрағасы Мемлекет басшысының цифрландыруға қатысты үндеуін қолдап, жаңа технологиялар адамдардың өмірін жеңілдетуі тиіс екенін атап өтті. «Цифрлық мемлекет — тек цифрлық құжаттар емес. Бұл — халық үшін ашықтық, жастар үшін жаңа мамандықтар, әрбір азамат үшін әділдік. Біз «жасыл акцентті» қосуды ұсынамыз: технология табиғатты қорғауға да қызмет етуі керек», – деді Әміртай.


Экономикаға жасыл сүзгі қажет

Шикізатқа тәуелділіктен арылып, инвестицияны өңдеуші өнеркәсіпке бағыттау — ел дамуының басты кепілі. Бірақ «Байтақ» партиясының пайымынша, әрбір инвестициялық жоба алдымен экологиялық сүзгіден өтуге тиіс. «Өткеннің қателігін қайталамауымыз керек: алдымен зауыт, кейін зардап емес, ең әуелі халықтың денсаулығы мен табиғаттың қауіпсіздігі», – деді партия өкілдері.


Энергетика: ашықтық пен сенім

Жолдауда жасыл энергиямен қатар атом энергетикасы мәселесі көтерілді. Әміртай бұл бағыттағы қадамдар ашық талқылануы тиіс екенін айтты: «АЭС салынса, халық қайда салынып жатқанын да, қандай қауіпсіздік шаралары барын да білуі керек. Біз тек жасыл энергияны қолдаймыз және кез келген жаңа нысан табиғатқа зиян келтірмеуі тиіс».


Су — өмірдің өзегі

Су тапшылығы Қазақстан үшін ең өткір мәселе екені жиында ерекше атап өтілді. Каналдардағы шығын, ескірген технология, әділетсіз бөлу — бәрі шұғыл шешімді талап етеді. «Экология мен су — біздің жүрегіміз. Бұл бағытта біз белсенді боламыз. Әрбір тамшының тағдыры цифрлық бақылауда болуы тиіс», – деді «Байтақ» жетекшісі.


Ауыл — азық-түліктің кепілі

Жолдауда айтылған фермерлерді қолдау және қайта өңдеу саласын дамыту бастамасы да партия қолдауына ие болды. Бұл халыққа арзан әрі сапалы отандық өнім жеткізеді. «Біз экологиялық таза тағам өндірісін дамытуға бар күшімізді саламыз. Әрбір дастарқанға қазақстандық, таза өнім баруы керек», – деді партия мүшелері.


Көлік пен жол — тек экологиялық болуы тиіс

Жаңа теміржолдар мен Smart Cargo жүйесі халық үшін тауар бағасының төмендеуін, логистикадағы кедергілердің азаюын білдіреді. Бірақ «Байтақ» үшін басты талап — экологиялық тазалық. «Жаңа жолдар табиғаттың тынысын тарылтпауға тиіс», – делінді үндеуде.


Әлеуметтік сала — әділ қоғамның негізі

Мектептер, ауруханалар, тұрғын үй құрылысы — халықтың өмір сапасын жақсартатын нақты қадамдар. Әміртайдың сөзінше, бұл бастамалар әрбір азамат үшін әділеттіліктің символы болуы керек: «Бала ауылда да, қалада да сапалы білім алсын, әр адам емделу үшін астанаға сабылмасын».


Саяси реформа — халықтың қолында

Жолдаудағы ең батыл ұсыныстардың бірі — бір палаталы Парламентке көшу. «Бұл — бюрократиядан арылып, жылдам шешім қабылдаудың жолы. Ең бастысы, халық бұл мәселені өзі шешеді. 2027 жылы референдум өтеді. Демек, әр азаматтың дауысы бұрынғыдан да күштірек болады», – деді Әміртай.

«Президент Жолдауы — біздің елдің болашақтағы бағдары. Онда цифрландыру да, су да, экология да бар. Бәрі халық үшін, бәрі әділетті Қазақстан үшін. Біз, «Байтақ» партиясы, бұл бастамаларды толық қолдаймыз. Ендігі міндет — осы сенімді ақтау. Тек бірге болсақ, әділетті, қуатты және жасыл Қазақстанды құрамыз. Ол — біздің балаларымыз мақтан ететін ел», – деп түйіндеді партия төрағасы.

Жиын соңында партия мүшелері өңірлерде де жолдауды талқылау үшін ашық пікірталастар мен дөңгелек үстелдер өткізілетінін хабарлады.