Ескі ескерткіштердің орнына – Жаңа Қазақстанның рухын бейнелейтін нышандар қажет

17

Munarmedi.kz 02.11.2025 /АСТАНА/ Сонау Кеңес дәуірінен қалған кейбір ескерткіштер бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани болмысына сәйкес келмейді. Мұндай нысандар – өткен идеологияның символы, сондықтан олардың орнын қазіргі заманның құндылықтарын дәріптейтін, Жаңа Қазақстанның рухын бейнелейтін жаңа ескерткіштер алмастырғаны дұрыс.

Тәуелсіз мемлекет ретінде еліміз өз аумағында мектептердің атауларын қазақшалау, көше мен ауыл аттарын ұлттық ерекшелікке сай өзгерту, сондай-ақ ескі идеологияны насихаттайтын ескерткіштерді алып тастау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.

Бұл қадамдар тек тарихи жадты жаңғыртып қана қоймай, болашақ ұрпаққа өз елінің шынайы тарихын, ұлттық санасын және тәуелсіздік құндылығын көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа Қазақстан – өткенге құрметпен қарап, бірақ болашақты ұлттық сана мен жаңа рухта қалыптастыратын мемлекет. Сондықтан қоғамдық кеңістіктер мен мәдени нысандардың бейнесі де осы қағиданы көрсетуі тиіс.

Ақтөбе қаласында соңғы төрт жыл бойы А.С. Пушкин атындағы саябақ төңірегінде даулы жағдай өрбіген еді. 2021 жылдан бері аталған нысанның бұрынғы иесі, кәсіпкер Николай Выходец  деген азамат  жергілікті билік  пен осы ескерткіш аясында  соттасып мазалауда. 

Кәсіпкер бірнеше жыл бойы саябақ аумағына меншік құқығын сақтап қалуға тырысқанымен, сот шешімімен жер телімі әкімдік балансына өтті. 2025 жылы оған саябақтағы барлық мүлікті – аттракциондар, сахна, орындықтар және өзге де нысандарды алып шығу керектігі хабарланған.

Даудың басты себептерінің бірі — саябақ аумағындағы 1919 жылы орнатылған обелиск пен революция жауынгерлеріне арналған бюст еді. Әкімдік талап арызында бұл ескерткіштер де «шығарылуы тиіс объектілердің» қатарына енгізілген.

Осыған байланысты Николай Выходец Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетке және облыс әкімі Асхат Шахаровқа бейнеүндеу жолдап, ескерткіштерді бұзбауды және шағымды кері қайтаруды сұраған.

Жергілікті билік бұл өтінішке жауап беріп, объект аумағындағы барлық тарихи ескерткіштер сақталып, мемлекет қорғауында қалатынын мәлімдеді.

«Аталған нысандар тарихи-мәдени мұра ретінде мемлекеттік қорғауда. Оларды бұзу немесе көшіру жоспарда жоқ», — делінген әкімдік хабарламасында.

Алайда сарапшылардың пікірінше, қазақ тарихына қатысы мұндай ескерткіштерді қала әкімдігі шығарып тастауға да болар еді дейді. Қашанғы өз елімізде жалтақтап өмір сүреміз? Ақ патшаның заманы емес. Николай Выходец сияқтылар мұндай ескерткіштерін өз үйінің ауласына қойып алсын да табына берсін. Заңға өзгеріс енгізу қажет.