MUNARMEDIA.KZ 8.09.2025 /АСТАНА/-Пекинде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянның қатысуымен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 8-отырысы өтті. Жиынға екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнес өкілдерінен тұратын 500-ден астам делегат, сондай-ақ Қытайдың 70-тен астам жетекші корпорациясының басшылары қатысты.
Президент Тоқаев Қытайды «тағдырдың сыйы болған сенімді көрші, жақын дос әрі мәңгілік стратегиялық әріптес» деп атап, екіжақты қарым-қатынастардың сенім деңгейі жоғары екенін және серпінді дамып келе жатқанын айтты. 2024 жылы өзара тауар айналымы 44 млрд АҚШ долларына жетті, ал жақын жылдары бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыру көзделіп отыр.
Соңғы жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллардан астам қаржы құйды. Бүгінде ел аумағында қытайлық капиталмен жұмыс істейтін 6 мыңнан астам кәсіпорын бар. Олардың қатарында CNPC, CITIC, SINOPEC және Huawei секілді алпауыттар бар. Қос ел арасындағы инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім және визасыз режим бизнестің сенімін күшейтіп, жаңа жобаларға жол ашып отыр.
Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85%-ын қамтамасыз етеді. Биыл «Қытай – Еуропа» дәлізі арқылы өтетін жүктің өткізу қабілеті бес есеге артады. Бұл елдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырады.
Атырау облысында құны 7,4 млрд доллар болатын полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ жаңартылатын және атом энергетикасы, Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту, Маңғыстауда парогаз қондырғысын салу мәселелері талқыланды.
Жамбыл облысында металлургия зауыты, Алматы облысында вольфрам кенін өңдеу өндірісі, Алматыда автокөлік зауыты және BYD электробустарын шығару жобалары айрықша мәнге ие.
Қазақстан Қытайға жыл сайын 2 млн тоннаға дейін астық экспорттауға дайын. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында бірлескен кәсіпорындар құру көзделуде.
Мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру бастамасын қолдап, Қазақстанның Alatau City атты жаңа технологиялық қаланы салу жобасына қатысатынын мәлімдеді.
Отырыс қорытындысында көлік, энергетика, IT, геологиялық барлау және қаржы салаларындағы 70-тен астам келісімге қол қойылды. Жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асты.
Маңызды оқиғалардың бірі – Жамбыл облысында жел энергетикасына арналған компоненттер шығаратын зауыттың ашылуы болды. Бұл – Қазақстан мен ТМД аумағында тұңғыш рет іске қосылған осындай кәсіпорын. Жоба «Самұрық-Қазына» қоры мен Қытайдың SANY Renewable Energy компаниясының бірлесуімен жүзеге асты.