Экс-банкир Жомарт Ертаев амнистиямен босатылды

26

Munarmedia.kz.05.09.2025 ж. /Астана/ Қазақстанда «Bank RBK»-дағы миллиардтаған қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Оның еркіндікке шығуы амнистия актісінің аясында жүзеге асқан.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың қарашасында сот Ертаевты 2011–2017 жылдар аралығында «Bank RBK»-дан 144 млрд теңгені қызмет бабын теріс пайдалана отырып және алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге жымқырды деп айыптап, кінәлі деп таныған. Сондай-ақ ол қылмыстық жолмен алынған қаржыны және басқа да мүлікті ірі көлемде заңдастыру дерегі бойынша жауапқа тартылған. Алғашқы үкімде ол 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Кейін апелляциялық алқа жаза мерзімін 9 жылға қысқартты. 2021 жылдың наурызында сот «Bank RBK», «Еуразиялық банк» және «Qazaq Banki»-дегі қаржы жымқыру істері бойынша Ертаев пен астық магнаты Нұрлан Тлеубаевқа қатысты үкім шығарды. Ол кезде Ертаев 9 жылға сотталған болатын.

Соттың түсіндіруінше, Ертаев жазасын өтеп жатқан мекемеде оның тәртібі «бірінші дәрежелі оң мінез-құлық» деп бағаланғандықтан мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі туындаған.

Дегенмен, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сот шешімі қайта қаралуы ықтимал екенін жоққа шығармады.