АФМ Байбек пен өзге тұлғалардың «BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қоры қаражатын жымқыру ісіне қатысын тексермейді

41

Munarmedia.kz.05.09.2025 ж. /Астана/ Елордада қаралған қылмыстық іс барысында Перизат Қайрат өзінің «BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры бұрынғы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбектің бастамасымен құрылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты журналистер Қаржы мониторингі агенттігінен (АФМ) Байбек пен өзге де тұлғалардың қор қаржысын жымқыруға қатысы бар-жоғын тексеру жоспарланып отыр ма деп сұрады.

Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов тергеу барысында басқа тұлғалардың кінәсі анықталмағанын айтты.

«Біз ең алдымен ақшаның түпкілікті иесін қарастырдық. Қорға түскен қаржының соңғы бенефициары кім болды деген сұрақ тұрды. Бұған дейін біз бұл қаражатқа алынған мүліктер туралы хабарлағанбыз: жеке тұрғын үй, төрт пәтер, автокөліктер. Мұның барлығы Перизат пен оның анасының атына тіркелген. Яғни осы ақшаны иемденген басқа фигуранттар қылмыстық іс шеңберінде анықталған жоқ», — деді Елемесов.

Айта кетейік, Бауыржан Байбек саясаттан кеткен соң шетелге қоныс аударған. Соңғы бір жарым жыл бойы ол Жапонияда онлайн форматта жұмыс істеп жүр.

Сот шешімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекеттік айыптаушылар оның қор қаражатын иемденуінің үш дерегін бөліп көрсетті: мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек, Таяу Шығыстағы зардап шеккендерге гуманитарлық қолдау және Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінген қаражат.

Сонымен бірге, Перизат Қайрат пен оған жаза кесілген анасы 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1 млрд 582 млн теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Бұған қоса, әрқайсысы 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңге сот шығындарын төлеуі тиіс.