Депутаттар Денсаулық сақтау министрлігін фармацевтикалық ОПГ деп атады
Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты бұрын-соңды болмаған қатты сын айтылды. Себебі еліміздегі дәрі-дәрмек жүйесінде — жүйесіздік, ал сатып алу бағасы мен дәріханалардағы құны арасындағы айырмашылық — ақылға қонымсыз.
Мысалы:
-
«Стелла» препараты — дәріханада 137 500 теңге, ал мемлекеттік сатып алу бағасы — 1 008 000 теңге.
-
«Стойлара» — дәріханада 164 000 теңге, ал Министрлік оны 1,1 миллион теңгеге сатып алған.
Жекелеген дәрілердегі айырмашылық 633 пайызға жетеді — бұл ресми мәлімет. Ең сорақысы — мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрілер қоймадан «жоғалып», кейін дәріханаларда төбесі көрініп, мүлдем басқа бағамен сатылып жатады.
«Бұл — нағыз коррупция, фармацевтикалық мафия. Бұл – ұйымдасқан қылмыстық топ. Тегін таратылатын дәрілерді “жоғалды” деп көрсетіп, кейін оларды дәріханалардан тауып аламыз», — деді депутат Ерлан Башимов.
Оның бұл пікірін басқа депутаттар да, елдің бас аудиторы Алихан Смайылов та қолдады. Олар Қазақстандағы фармацевтикалық жүйенің хаосты күйде екенін мойындап отыр.
Өндіріс жоқ, импорт — 84%
Аудит нәтижелері де көңіл көншітпейді:
Соңғы 10 жылда елде небәрі 2 препарат жасалған. Мемлекеттік қолдау көрсетілген 200 компанияның тек 34-і нақты жұмыс істеген. Ал біздегі дәрі-дәрмек нарығының 84 пайызы импортқа тәуелді.
Бірақ соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі 8 миллиард теңгеге 62 миллион қолғап сатып алыпты. Қызығы — бұл қолғаптар Таиландтан екі есе арзан бағамен жеткізілген. Ендеше артық миллиардтар қайда кетті?..
Депутат Бақытжан Базарбек бұл саладағы заңбұзушылықтар тек әкімшілік жауапкершілікпен шектелмеуі керек дейді. Айтуынша, «СК-Фармация» басшылығы тек жұмыстан шығарылған — ал бұл жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс.
«Халыққа қарапайым “жұмыстан шығарумен” емес, нақты жазамен, сотпен жауап беру маңызды», — дейді депутат.
Бұл жүйесіздік пен жемқорлықтың зардабын қарапайым халық тартып отыр. Елде тегін дәрі жетіспейді, медициналық қызмет бағасы өсіп жатыр, ал халықтың әлеуметтік жағдайы — өте ауыр.
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы жағдай дәрі-дәрмек жетіспеушілігі емес, жемқорлықтың дағдарысына айналып барады. Қымбат сатып алулар, қоймадан жоғалған дәрілер мен дәріханаларда пайда болған күмәнді препараттар — осының бәрі жүйелі тергеуді қажет етеді. Ендігі сөз — құқық қорғау органдарында.