«Экология министрлігі ұлт денсаулығын саудалауда» — Қазақстанда қатерлі ісік неге жиілеп барады?

54



Munarmedia.kz 23.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстанда өндірістік қалдықтар мен зиянды шығарындылардың кесірінен қатерлі ісікке шалдығу деректері күрт өсті. Мұндай қорытындыға «Байтақ» партиясының өкілдері келіп отыр. Соңғы он жыл ішінде онкологиялық сырқаттанушылық үш есеге артқан.

«Қазір елімізде шамамен 350 мыңдай адам онкологиялық диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын олардың қатары 5–6 пайызға көбейіп отырады. Бұл ең алдымен ірі өнеркәсіптік алпауыттар мен трансұлттық компаниялардың ауаға, суға зиянды қалдықтар тастауымен, сондай-ақ өндірістік қалдықтарды көмуімен тікелей байланысты», — деді «Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары Олег Пак.

Оның айтуынша, өлім-жітімнің ең жоғары өсімі Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Қарағанды және Павлодар қалаларында тіркеліп отыр. Бұл аймақтардың бәрі шикізат өндіру мен өңдеудің орталықтары саналады.

Алайда ол Экология және табиғи ресурстар министрлігі халықты қоршаған ортаның ластануынан жеткілікті деңгейде қорғай алмай отырғанын алға тартты.

«Өкінішке қарай, Экология министрлігі экологиялық төлемдер үшін ұлттың денсаулығын сатып отыр. Олар алым-салықты жинайды, бірақ мәселені шешпейді. Ал халық сырқаттанып жатыр. Негізі, бұл – біздің ауруымыз үшін төленіп отырған ақы», — деді Олег Пак.

2003 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта стационарлық көздерден бөлінетін газдарды тазарту деңгейі нөлден үш пайыз аралығында қалып қойған. Яғни 20 жылдан астам уақыт ішінде ешқандай ілгерілеу болмаған. Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі де 2003 жылғы 38 пайыздан 2024 жылы 30 пайызға дейін төмендеген.

Осы жағдай «Байтақ» партиясын жаңа экологиялық идеология жасауға итермелеп отыр. Жаңа бастама Астанада таныстырылып, оған бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдері мен Экология министрлігінің қызметкерлері қатысты.

«Кәсіпорындар өз ұсыныстарын енгізді. Біз оларды жинап, талқылаймыз. Оның ішінде экологиялық төлемдерге қатысты да пікірлер бар», — деді Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов.

Айта кетейік, биыл шілде айында Almaty Air Initiative қоры Алматыдағы ауа құрамындағы азот диоксидін (NO₂) зерттеудің 2023–2024 жылдардағы нәтижесін жариялады. Қорытынды бойынша, алматылықтар жылына небәрі 16 күн ғана таза ауа жұтады.

• Фото: Freepik