📍 Munarmedia.kz | 01.09.2025 Соңғы жылдары жекешелендірілген қазақстандық әуежайлардың басым бөлігін ресейлік капитал — тікелей немесе жанама түрде — иемденіп жатқанын Ertenmedia Азаттық радиосына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мемлекет стратегиялық маңызы зор әуежайларды жаңғыртуға миллиардтаған теңге бағыттап отыр. Алайда инфрақұрылым толық жаңартылғаннан кейін, бұл нысандар көп ұзамай көрші елдің ірі қаржы топтарының меншігіне өтіп кетіп жатыр.
Бұл үрдіс авиация саласы мамандары мен азаматтық қоғам өкілдерінің алаңдаушылығын тудырып отыр.
Мемлекет қаржыландырады — ресейлік инвестор иемденеді
Мысалы, Орал халықаралық әуежайын жаңғыртуға мемлекет екі жыл ішінде 6,6 миллиард теңге бөлген. Қаржыландыруды Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан Karachaganak Petroleum Operating консорциумы жүзеге асырған.
Бірақ модернизациядан кейін арада бір жыл өтпей жатып, стратегиялық маңызы бар бұл әуежай ресейлік «Аэропорты регионов» холдингіне өтті. Аталған холдингтің артында Батыс санкцияларына іліккен ресейлік олигарх Виктор Вексельберг тұрғаны белгілі.
Алматы, Қарағанды, Атырау – капитал қайда бет алды?
Оралмен қатар, Қазақстандағы ең ірі әуежай — Алматы халықаралық әуежайының төрттен бір үлесі ресейлік Verno Capital инвестициялық компаниясына тиесілі. Бұл компанияның негізін қалаушы — ресейлік кәсіпкер Дмитрий Крюков.
2024 жылы Қарағандының «Сарыарқа» әуежайын миллиардер Тимур Турлов сатып алды. Турлов — бұрын Ресей азаматы болған, қазіргі таңда Қазақстан азаматтығын алған бизнесмен. Қарағанды әуежайы еліміздің географиялық орталығында орналасқан және жүк тасымалы тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Жақында ғана Атырау әуежайына катарлық инвестор келді деген ақпарат тарады. Алайда зерттеу барысында нақты меншік иелерінің бұрынғы посткеңестік кеңістіктен шыққаны анықталған.
Әуежайдың жерүсті қызметін атқаратын «ATMA Аэропорт Атырау и перевозки» компаниясы формалды түрде Катарда тіркелген QazAir Investments LLC құрылымына өтті. Компанияның негізгі акционері — Франция азаматы Авраам Даниэль Данино, алайда оның Ресеймен байланысы бар екені байқалады. Оның есімі Олег Дерипаскамен байланысты Multipolar World Institute ұйымымен қатар аталады.
Айта кетейік, Дерипаска — Батыстың санкция тізімінде тұрған, Кремльге жақын ресейлік миллиардерлердің бірі.
Сарапшылар не дейді?
Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, шекараға жақын орналасқан әуежайлардың ресейлік капиталға өтуі кездейсоқ емес. Оның пікірінше, бұл — Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ аясында логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталған стратегиялық шешімі.
«Ресей үшін шекаралық әуежайларды иемдену — стратегиялық тұрғыдан ұтымды. Олар әуе арқылы келген жүктерді еш кедергісіз көлікпен өз аумағына жеткізе алады. Біз ЕАЭО мүшесіміз, кедендік бақылау жоқ», — дейді Кекілбаев.
Сарапшының пайымынша, ірі әуежайлар тек экономикалық немесе туристік нысан ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің тірек инфрақұрылымдарының бірі саналады. Сондықтан олардың меншікке берілуі толық ашықтықпен, ұлттық мүддені ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.
«Әуежай сату келісімдері ашық жүргізілуі керек. Инвестордың міндеті, жауапкершілігі мен мүддесі нақты жазылуы тиіс», – дейді сарапшы.
Қазіргі таңда Қазақстанда республикалық және өңірлік маңызы бар 20 әуежай жұмыс істейді. Оның жартысы жекеменшікке өткен.