Қытайда ШЫҰ саммиті басталды

42



📍 Munarmedia.kz | 01.09.2025 Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті «Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ іс жүзінде» ұранымен өтуде. Аталған шараға 20-дан астам елдің көшбасшылары жиналды. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди (ол бұл саммитке жеті жылдан бері алғаш рет қатысып отыр) және Иран Президенті Масуд Пезешкиан бар.

Бүгінде ШЫҰ құрамына 10 мемлекет мүше: Қытай, Үндістан, Ресей, Пәкістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь. Бұл – 2001 жылы құрылған ұйым тарихындағы ең ауқымды басқосу болып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит аясындағы пленарлық отырыста төртінші болып сөз сөйлейді. Оған дейін Беларусь, Үндістан және Иран басшылары сөз алады.

Кеше ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялары басшыларының құрметіне ұйымдастырылған салтанатты қабылдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің жанында отырды. Мемлекет басшылары бейресми жағдайда әңгімелесуге мүмкіндік алған.

• 📷 Фото: Ақорда