Алматы әлемдегі ең лас қалалардың бестігіне кірді

67


Munarmedia.kz 29.10.2025 / Астана Алматы ауаның сапасы бойынша әлемдегі ең лас бес қаланың қатарына енді. IQAir халықаралық экологиялық мониторинг платформасының 28 қазан күнгі мәліметіне сәйкес, қала төртінші орынға тұрақтаған.

Ауаның сапа индексі (AQI) — 174 баллды құрады. Бұл көрсеткіш «денсаулыққа зиянды» деңгей деп бағаланады, әсіресе тыныс алу жүйесі әлсіз, созылмалы ауруы бар немесе балалар мен қарттар секілді сезімтал топтар үшін қауіпті.

Рейтингте Алматыдан жоғары орындарды Лахор (Пәкістан), Бейжің (Қытай) және Дели (Үндістан) иеленді.

Эколог, ауа сапасы бойынша сарапшы Равкат Мұхтаровтың айтуынша, Алматыдағы жағдайдың ушығуына ауа райының қолайсыздығы әсер еткен.

«Қазір қалада желсіз, тұрып қалған ауа массасы орнаған. Солтүстік және солтүстік-шығыс бағыттағы әлсіз жел (сағатына 1 м/с шамасында) ТЭЦ-3-тен және жеке сектордағы көмірмен жылытылатын үйлерден шыққан түтінді тауға қарай айдайды. Ауа қозғалысы болмағандықтан, ластану төмен қабатта шоғырланып, қалың тұман түрінде тұрып қалады», — дейді сарапшы.

Азиядағы ластанған қалалар тізімі

Бірінші ондыққа сондай-ақ Дакка, Ташкент, Карачи, Дубай, Батам және Ұлан-Батыр кірген. Ал 30 ең лас қаланың ішінде Азиядан тыс тек бір қала бар — Перу астанасы Лима.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының жылу электр орталықтарының бірі — ТЭЦ-3 атмосфераға ең көп зиян келтіретін кәсіпорындардың қатарында екені хабарланған еді.

Алайда бұл фон аясында Қазақстанда ауасы ең таза қалалар да аталды. The Times of Central Asia басылымының дерегінше, Шу мен Жезқазған Азиядағы ең таза қалалардың қатарына кірген.

Ал Қарағанды бұрынғысынша әлем бойынша ауасы ең ластанған қалалардың бірі болып қалып отыр.