Ақтөбелік ананы балаларынан психикалық жағдайына байланысты ажыратқан — бірақ ол толықтай сау деп танылды

41


Munarmedia.kz 24.10.2025 /Астана/Ақтөбе тұрғыны Жұлдыз Тлеу психикалық тұрғыдан мүлде сау деп танылды. Бұл шешім Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының 20 дәрігерден құралған консилиумының қорытындысы бойынша шығарылған.

Бұл қуанышты жаңалықты Жұлдыз Тлеудің үлкен қызы Құралай Есболова мен отбасына қолдау көрсетіп жүрген еріктілер хабарлады.

– Әділет орнады! – деп қуанышымен бөлісті жасөспірім қыз.

Еске сала кетсек, Есболовтар отбасының оқиғасы көктем айларында әлеуметтік желілерде кең таралып, қазақстандықтардың жүрегіне жол тапқан еді.

Бейнежазбада Құралай төрт сіңлісі мен бауырының ортасында отырып, аналары туыстарымен жанжалдан кейін психиатриялық орталыққа мәжбүрлі түрде жатқызылғанын, ал әкелері оларға қарамай, ішімдікке салынғанын айтқан болатын.

Кейін белгілі болғандай, видео түсірілгеннен бері біраз уақыт өткен — балалар «Аяла» орталығында, яғни қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған мекемеде болған. Олар біраз уақыт бойы анасына жолыға алмай, мемлекеттік органдардан көмек күткен.

Қоғамдық резонанстан кейін бұл жағдайға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жеке назар аударып, отбасыға тұрғын үй мәселесі бойынша да қолдау көрсетуді тапсырған.

Құралай өзінің кейінгі бейнеүндеуінде барша қазақстандықтарға алғыс айтып, «егер билік баспана берсе де, оны қабылдамауымыз мүмкін» деген ойын жеткізді.

– Өйткені, қайда кепіл бар, ертең оны қайта алып қоймайтынына? – деді ол.

Қыз бұл сөзінде пәтерді кім немесе қандай тарап «қайтарып алуы мүмкін» екенін нақтыламаған.