Munarmedia.kz 24.20.2025 /Астана/ Алдағы бес жылда Қазақстандағы шамамен 2,5 миллион маманның кәсібі автоматтандыру қаупіне ұшырауы мүмкін. Олардың ішінде бір миллионға жуық адам жасанды интеллекттің (ЖИ) жылдам дамуы салдарынан жұмыс орнын толық жоғалтуы ықтимал. Бұл туралы Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Маманның айтуынша, 2029 жылға дейін шамамен миллион қазақстандық маман қайта даярлаудан өтуі тиіс. Үкімет бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ұсынуда — мысалы, азаматтарға ЖИ жүйелері үшін деректерді белгілеуші мамандығын меңгеру ұсынылып отыр.
«Жасанды интеллект те интернет сияқты құбылыс. Интернет келгенде кей мамандықтар жоғалды, бірақ жаңа бағыттар пайда болды. Бұл – табиғи әрі пайдалы процесс. Сол жағдайды қазір қайта бастан өткеріп жатырмыз», — деді Мун.
Мемлекет осы мақсатта Astana Hub білім беру платформасында жасанды интеллект пен оған қатысты салаларды оқытуға арналған тегін курстарды іске қосқанын хабарлады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті елді Еуразияның цифрлық хабына айналдыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Қазірдің өзінде елімізде америкалық Nvidia компаниясымен бірлескен ЖИ фабрикасы құрылуда. Сонымен қатар, қазақстандық IT-мамандар Ұлыбританияның жетекші ұйымдарымен жасанды интеллект пен финтех салаларында стратегиялық әріптестік орнатуда.