Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні ABC News америкалық телеарнасына берген сұхбатында АҚШ бастапқыда Украинаға жіберуге тиіс болған зымырандарды Таяу Шығысқа жөнелткенін мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Киев АҚШ-тың алдыңғы әкімшілігімен ресейлік камикадзе дрондарына қарсы күресу үшін 20 мың зымыран жеткізу туралы келісім жасаған.
«Біз осы 20 мың зымыранға үміт артып едік. Бүгін таңертең менің қорғаныс министрім АҚШ-тың бұл зымырандарды Таяу Шығысқа жібергенін айтты», – деді Украина президенті.
Ол зымырандардың нақты қай елге жіберілгенін нақтыламады. Сондай-ақ келісім жазбаша түрде бекітілді ме, әлде тек ауызша уағдаластық болды ма, ол жағы да белгісіз.
Бұған дейін, 5 маусым күні, Wall Street Journal газеті АҚШ Қорғаныс министрлігінің құжаттарына сілтеме жасай отырып, Дональд Трамп әкімшілігі бастапқыда Украинаға арналуы тиіс болған дрондарға қарсы қаруды Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери күштеріне жіберу туралы шешім қабылдағанын жазды. Мақалада Пентагон бұл шешім туралы Конгреске жасырын түрде хабарлағаны айтылған.
АҚШ әкімшілігі аталған мақалаға және Зеленскийдің мәлімдемесіне байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Сұхбат барысында Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл байланыстар «қалыпты, кәсіби сипатта».
«Жеке қарым-қатынас туралы айту қиын, өйткені біз Трамппен жиі сөйлеспейміз», – деді ол.
Зеленский олардың соңғы кездесуінің Ватикандағы 15 минуттық жеке кездесуі Ақ үйдегі (2025 жылдың ақпанында болған) кеңейтілген кездесуден де тиімді болғанын, себебі соңғысында Трамп пен Зеленский арасында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және басқа шенеуніктер қатысқан қақтығыс орын алғанын атап өтті.
Зеленский Трампты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге тағы да шақырды. Ол Украинаның АҚШ талаптарын толық орындағанын, соның ішінде алдын ала шартсыз атысты тоқтатуға және Ресеймен Стамбулда келіссөздер жүргізуге келісім бергенін айтты.
Зеленскийдің айтуынша, еуропалық көшбасшылар Трампты «еркін әлемнің көшбасшысы» ретінде көріп:
«Құрметті Трамп мырза, көшбасшы болыңыз. Сіз – көшбасшысыз. Путинді тоқтатыңыз. Біз сізге көмектесеміз, себебі Еуропа Америкадай мықты емес», – деп айтып жүр.
Өз кезегінде Трамп бірнеше рет Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға ұмтылатынын мәлімдеген. Ол әрі Владимир Путинді, әрі Зеленскийді сынап, екеуінің де соғысты тоқтату үшін жеткілікті әрекет жасамай отырғанын айтқан. Бірақ Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейту-күшейтпеу жөнінде әлі шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
Жексенбі күні вице-президент Джей Ди Вэнс Трамп әкімшілігінің Украинаға қолдау көрсету үшін үлкен қаражат жұмсағанын еске салды.
«Мен бұл басқыншылықты ақтамаймын, соғыс бастауды қолдамаймын», – деді Вэнс. Бірақ оның айтуынша, қазіргі ең басты міндет – соғысты тоқтатуға тырысу.