Атом ішіндегі энергия алғаш рет әскери мақсатта қолданылғанына сексен жыл өтті. Алайда әлем ядролық Армагеддонға емес, осы күнге дейін сақталып келе жатқан күтпеген ядролық тұрақтылыққа жетті. Тағы бір таңқаларлық жайт – атом технологиялары көптеген елдерге таралғанымен, олардың аз ғана бөлігі бұл технологияны қару жасау үшін қолдануға шешім қабылдады. Әлемге ядролық қарудың таралуына кедергі келтіретін, толық болмаса да, тиімді нормалар, ережелер мен құрылымдардан тұратын тетік – ядролық таратпау режимі (non-proliferation) пайдалы болды. Бірақ бұл режим геосаяси өзгерістер дәуірінде сақталып қала ала ма?
1960-жылдары АҚШ президенті Джон Кеннеди 1970 жылдарға қарай ядролық қаруы бар елдердің саны 25-ке жетуі мүмкін деп болжаған. Алайда қазіргі таңда мұндай мемлекеттер тек тоғыз ғана, себебі үкіметтер ядролық қарудың таралуына қарсы шаралар қабылдады.
1968 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) қабылданды. Онда бес мемлекеттің ядролық қаруға ие екендігі мойындалып, қалған елдерге оны әзірлемеу туралы міндеттеме жүктелді. Венада орналасқан Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) бірнеше онжылдық бойы атом энергетикасын дамытып жатқан елдерге инспекторлар жіберіп, бұл энергия тек бейбіт мақсатта қолданылып жатқанын қадағалап келеді. 1970-жылдары АҚШ президенті Джимми Картердің әкімшілігі ядролық қарудың таралуын тежеуді басым бағыт етіп, қауіп төндіруі мүмкін технологиялардың экспортын шектеуге міндеттелген Ядролық жеткізушілер тобына бастамашылық етті.
Ядролық таратпау режимі қазіргі әлемдік тәртіптің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Алайда сарапшылар бұл режимге жаңа қауіптер төніп тұрғанын айтады. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси де бұл режимнің болашағына алаңдайды. Ең үлкен қауіптердің бірі – Иранның уранды 60%-дан астам байыту бағдарламасы. Бұл көрсеткіш бейбіт ядролық реакторларға қажетті деңгейден әлдеқайда жоғары. Гроссидің айтуынша, Иран бірнеше ай ішінде ядролық бомба жасап шығара алады. Ал Сауд Арабиясы егер Иран ядролық қару жасаса, ЯҚТШ-дан шығатынын және өз бағдарламасын бастайтынын мәлімдеді. Израиль мен АҚШ Иранды тоқтату үшін күш қолданатынын ескертіп отыр, дегенмен екі ел ядролық бағдарламаны шектеу жөнінде келіссөздер жүргізіп келеді.
Бұл Таяу Шығыстағы өңірлік мәселеден бөлек, ядролық таратпау режиміне төнетін жаһандық қауіп бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия мен Жапония ядролық бағдарламаларын қысқартты, өйткені олар АҚШ-пен одақта болды. Американың ядролық тежеу қабілеті бұл елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті болды. Сол сияқты НАТО мен Азиядағы ондаған мемлекет те ядролық қарудан бас тартты.
Бірақ Трамп әкімшілігі бұл альянстарды әлсіретіп, ядролық тежеу жүйесін шайқалтты. Соның нәтижесінде көптеген елдер өздерінің жеке ядролық қару бағдарламасын бастау мүмкіндігін қарастыра бастады. Олар Украина мысалынан сабақ алды: Украина 1994 жылы Будапешт меморандумы аясында өз аумағындағы кеңестік ядролық арсеналдан бас тартты, ал кейін Ресей (сол меморандумның кепілі бола тұра) оған басып кірді.
Кейбір сарапшылар алаңдауға негіз жоқ дейді. Олардың пайымдауынша, ядролық қарудың таралуы әлемдік саясатқа оң әсер етуі мүмкін. Өйткені ол бір кездері АҚШ пен КСРО арасындағы қарым-қатынаста сақтық пен тепе-теңдік туғызды, ал бүгінгі таңда ол басқа аймақтарда да тұрақтылық орната алады.
Алайда бұл пікір тек белгілі бір саяси жағдайлар сақталған жағдайда ғана қисынды: тұрақты басқару жүйесі, азаматтық соғыстар мен ішкі тұрақсыздықтың болмауы, ядролық күшті ерте қолдану азғыруынан бас тарту сияқты факторлар қажет.
Әлемнің көптеген бөлігінде мұндай жағдайды қамтамасыз ету мүлдем мүмкін емес. Көп жағдайда ядролық қаруға ие болу елдің қауіпсіздігін емес, осалдығы мен қорғансыздығын арттырады. Жергілікті деңгейдегі "тактикалық" ядролық соққының өзі 80 жылдық жаһандық тыйымды бұзу болып саналады.
Сонымен қатар, ядролық қарудың үкіметтік емес ұйымдардың (террористік топтардың) қолына өту қаупін де ескермеуге болмайды. Бұл қауіптің ықтималдығы төмен болса да, өзі-ақ жүйеге қатер төндіреді. Ядролық материалдардың ұрлануы немесе қара нарықта сатылуы сияқты қауіптер "таңдаулы" елдерге де қатысты, яғни бұл проблемадан ешкім тыс қалмайды.
Ядролық қарудың кең және тез таралуы жаһандық стратегиялық тепе-теңдікке, сондай-ақ бейбіт әрі әділетті әлемдік тәртіптің болашағына кері әсер етуі мүмкін.
Келешекте саяси және техникалық жағдайлар өзгереді. Бірақ негізгі мәселе – АҚШ-тың одақтық міндеттемелері мен ядролық тежеу саясатының келешегіне қатысты. Таралу тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін; ядролық қару елдің позициясын әрдайым күшейтпейді; ал ірі державалар бұл үдерістің теріс салдарынан толық құтыла алмайды. Осы себепті әлем ядролық таратпау режимін сақтау ісіне шын мәнінде мүдделі болуы керек.
Қазіргі жағдайда ядролық қаруға қатысты теңсіздік көп елдер үшін қабылдауға болатындай көрінеді, себебі балама – яғни қаруланған анархия – одан да қауіпті. Егер мемлекеттерге ядролық қарусыз өмір сүру тиімді болса, ядролық қару технологиясының таралуын баяулатуға бағытталған саясат берік негізде қала береді. Идеал болмаған күннің өзінде, бұл режим маңызды тежегіш қызметін атқара алады. Бірақ ережелер мен институттар әлсірей бастаса, оны тоқтату қиын болуы мүмкін.