АҚШ тиваралық Minuteman III баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді

30

Munarmedia.kz 06.11.2025 /Астана/ АҚШ сәрсенбі күні Калифорния штатындағы Ванденберг әскери базасынан оқтұмсықсыз Minuteman III тиваралық баллистикалық зымыранын ұшырып сынақтан өткізді.

Бұл сынақ АҚШ Әуе күштерінің Ғаламдық соққы қолбасшылығы (AFGSC) жүргізген GT 254 операциясының аясында өтті. Елдің Ғарыш күштерінің мәліметінше, сынақтың басты мақсаты — зымыран жүйесінің сенімділігі мен жедел дайындық деңгейін тексеру болған.

Зымыран шамамен 6800 шақырым қашықтыққа ұшып, Маршалл аралдарындағы Кваджалейн атоллындағы сынақ полигонына жеткен. Ресми мәлімдемеде бұл сынақ «Minuteman III жүйесінің қуаты мен тиімділігін бағалау мақсатындағы жоспарлы операциялардың бір бөлігі» екені атап өтілді.

Сынақ қауіпсіздік хаттамаларын қатаң сақтай отырып жүргізілген. Ғарыш күштері бұл миссия AFGSC құрылымына зымыран жүйелерінің техникалық жағдайы мен басқару жүйелері туралы құнды деректер жинауға мүмкіндік бергенін хабарлады.

Осы күні Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов елде ядролық сынақтарға дайындықты бастау жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ал бұған дейін, бір апта бұрын, АҚШ Президенті Дональд Трамп өз мәлімдемесінде:

«Ресей де, Қытай да сынақтар өткізіп жатыр, бірақ бұл туралы ашық айтпайды. Сол себепті біз де өзіміздің сынақтарымызды қайта бастаймыз. Солтүстік Корея, Пәкістан да сынақ жүргізіп отыр», — деген еді.

Трамптың бұл шешімі Ресей Президенті Владимир Путиннің «Буревестник» қанатты зымыраны мен ядролық қозғалтқышты “Посейдон” суасты дронын сынағаны туралы мәлімдемесіне жауап ретінде қабылданды.

Бұған байланысты Ақ үй басшысы Путинге қарата:

«Путин жаңа зымыран сынағанша, төрт жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты аяқтауға күш салғаны жөн болар еді», — деп мәлімдеген.

Бұл оқиғалар ядролық державалар арасындағы қару-жарақ жарысының қайта ушығып келе жатқанын айқын көрсетіп отыр.