Munarmedia.kz 06.11.2025 /Астана/ Германия тұрғындарының басым бөлігі елде Олимпиялық ойындарды қайта ұйымдастыруды қалайды деген қорытынды “Stern” журналының тапсырысымен жүргізілген жаңа әлеуметтік сауалнама нәтижесінде белгілі болды.
Сауалнаманы “Forsa” зерттеу институты өткізген. Нәтижесінде респонденттердің 72 пайызы 2036, 2040 немесе 2044 жылы Германияда жазғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын өткізуді қолдайтынын, 22 пайызы қарсы екенін, ал 6 пайызы нақты пікір білдірмегенін айтқан.
Бұл зерттеу Германияның Олимпиадалық спорт комитеті ел ішінде жазғы Олимпиаданы өткізуге үміткер төрт қаланы — Берлин, Гамбург, Мюнхен және Рейн-Рур аймағын қысқартуды көздеп отырған тұста жүргізілді. Комитет 2026 жылдың күзіне қарай қай қала ресми кандидат болатынын анықтамақ.
Қолдаушылардың 39 пайызы Мюнхенге, 24 пайызы Рейн-Рур өңіріне, 15 пайызы Берлинге, 11 пайызы Гамбургке дауыс берген. Сауалнама 2025 жылғы 30–31 қазанда 1008 ересек адам арасында жүргізілген.
Айта кетсек, Гамбург бұған дейін 2024 жылғы Олимпиаданы өткізуге ниет білдіргенімен, 2015 жылғы жалпыұлттық референдумда бұл бастама қолдау таппаған. Ал Мюнхен тұрғындары 2037–2044 жылдар аралығында Олимпиаданы өз қаласында өткізуді қолдап, қазан айында өткен дауыс беруде 60 пайыздан астамы оң пікір білдірген.
2024 жылы DPA агенттігінің тапсырысымен YouGov жүргізген зерттеу нәтижесінде немістердің тек 48 пайызы ғана Олимпиада өткізу идеясын қолдаған болатын.
Германия бұған дейін Олимпиаданы екі рет ұйымдастырған: 1936 жылы Берлинде және 1972 жылы Мюнхенде. Егер ел 2036 жылғы ойындарды қабылдаса, бұл тарихи маңызы бар оқиға болмақ — Берлин Олимпиадасының 100 жылдығымен тұспа-тұс келеді.