АҚШ Қазақстанмен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде: кадр даярлау мен шағын реакторларға басымдық берілмек

17

Munarmedia 25.12.2025 / Астана / –АҚШ-тың Астанадағы елшілігі азаматтық атом энергетикасы саласындағы екіжақты серіктестікті кеңейту жөнінде мәлімдеді. Бастама аясында америкалық тарап қазақстандық мамандарды даярлауға, сондай-ақ профильдік білім беру мен ғылымды дамытуға қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, бұл бағытта Назарбаев Университеті мен АҚШ-тағы Дьюк университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыты ретінде шағын модульдік реакторларға (ШМР) қатысты техникалық-экономикалық зерттеу белгіленген. Аталған жұмыс АҚШ Мемлекеттік департаментінің FIRST бағдарламасы аясында жүргізілуде. Қазақстан бұл бағдарламаға 2022 жылдан бері қатысып келеді және Орталық Азиядағы АҚШ-тың алғашқы серіктесі саналады.

Жоба шеңберінде Алматы қаласындағы Қазақстанның Ядролық физика институтына америкалық Holtec International және WSC Inc. компаниялары әзірлеген ШМР бойынша оқу симуляторы табысталмақ. Осы симулятор базасында Орталық Азия елдерінің мамандарына арналған өңірлік оқу орталығын құру жоспарлануда. Ал ШМР-ге қатысты зерттеу жұмыстары америкалық Sargent & Lundy инжинирингтік компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Компания америкалық реакторлық технологиялардың ішінен қолайлы нұсқаларды іріктеуге жәрдемдеседі.

Сарапшылардың пікірінше, білім беру бағдарламалары – «жұмсақ күштің» тиімді құралдарының бірі болып табылады және белгілі бір елге лоялды кадрлар даярлауға бағытталады. Осы орайда, Вашингтон кадрларды оқытумен қатар, Армениядағы тәжірибеге ұқсас түрде, Қазақстан аумағында өз шағын модульдік реакторларын салу идеясын да ілгерілетуі мүмкін деген болжам айтылуда.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік «Росатом» компаниясы жетекшілік ететін халықаралық консорциум арқылы толыққанды атом электр станциясын салу жоспарланған.