Ақмола облысының Макинск қаласында мектептен оқу қаруын ұрлаған ер адам сотталды

15

Munarmedia 25.12.2025 / Астана / –Ақмола облысына қарасты Макинск қаласында оқу орнынан оқу мақсатындағы қару-жарақты ұрлаған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Сотта анықталғандай, өткен жылдың жаз мезгілінде мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізген ер адам металл сейфті бұзып кіріп, оқу үлгісіндегі Калашников автоматы, Baikal маркалы екі пневматикалық спорттық винтовка және тағы бір пневматикалық винтовканы заңсыз алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын көлемі 300 мың теңгеден асты.

Мүліктің жоғалғаны анықталған соң мектеп әкімшілігі құқық қорғау органдарына жүгінген. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.

Буланды аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленіп, сотталған азамат жазаны өтеу мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат қоғамдық пайдалы жұмыс атқаруға міндеттелді.

Сот барысында айыпталушы оқу автоматы мен винтовкаларды қандай мақсатта ұрлағанын нақты түсіндіріп бере алмаған. Алайда құқық қорғау органдарының мәліметінше, тіпті оқу және оқсыздандырылған қару үлгілерінің өзі заңсыз айналымға түскен жағдайда қоғамдық қауіп төндіруі мүмкін. Мамандар ашық дереккөздерде мұндай қаруларды заңсыз түрде өзгертуге қатысты ақпараттардың бар екеніне назар аударады.