Ақмола облысындағы республикалық жарыста 15 жастағы жас спортшы ауыр жарақат алды

64




Ақмола облысында қазақша күрестен Перуаш Қаримұлының құрметіне ұйымдастырылған республикалық жарыс кезінде 15 жастағы жасөспірім спортшы ауыр жарақат алды.

Оқиға 7 қыркүйек күні Ерейментау қаласында болды. Белдесу барысында жас спортшы сәтсіз әдіс жасап, кілемге құлап, есінен танып қалған. Жарыс орнында кезекшілік атқарған дәрігер дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер клиникалық өлім жағдайын тіркегенімен, дер кезінде жасалған шаралардың арқасында жүрек соғысы қалпына келтірілді. Жасөспірім Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Кейін Көкшетау мен Астанадан келген мамандардың кеңесінен соң, оны елордадағы клиникаға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Алдын ала диагноз бойынша спортшы мойын омыртқасының сүйектерін сындырған.

Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.