«Жалған және абсурд»: Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өзі туралы тараған сыбыстарға түсінік берді

53

MUNARMEDIA.KZ 09.09.2025 /АСТАНА/-8 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу соңғы төрт күн бойы әлеуметтік желілер мен медиада қызу талқыланған «ұсталды» деген қауесеттерден кейін алғаш рет журналистер алдында көрінді. Негізгі сұрақ оның қамауға алынғаны және тінту жүргізілгені жөніндегі әңгімелерге қатысты болды.

Аталған қауесеттің таралуына «Orda» бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың жариялаған жазбасы себеп болған. Онда министр Нұртілеумен бірге кәсіпкер Гаджи Гаджиев пен ҰҚК қызметкерлерінің бірқатары ұсталды деген ақпарат берілген еді.

— Бұл — жалған әрі абсурд. Бұған түсініктеме берудің өзі орынсыз. Мен жұмысымда болдым, кеңестер өткіздім, шетелдік әріптестеріммен сөйлестім — бәрі әдеттегідей жүріп жатты, — деді Нұртілеу.

Министр сонымен қатар сотқа жүгіну ойы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан — құқықтық мемлекет, ал мұндай жағдайлармен тиісті органдар айналысуы тиіс.

Нұртілеу жуық арада шетелдік іссапарға шығатынын да хабарлап, тараған сыбыстарды «сынақтың бір түрі» деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін аталған даулы ақпаратты жоққа шығарып, ресми түсініктеме берген құрылымдар қатарында Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Дезинформациямен күрес орталығы болған.